БҰҰ: Бейбітшілік салтанат құруы тиіс

Осы аптаның басты оқиғаларының бірі – БҰҰ-ның бас хатшысының Ресей мен Украинаға сапары, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол Мәскеуден кейін Буча, Ирпеень, Бородянка мен Киевке барған. Антониу Гутерриш Владимир Зеленскиймен кездесіп, халықаралық бірлестік өкілдері бейбітшілік орнату үшін барын салатынын жеткізді.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

Қазір Украинада Біріккен Ұлттар Ұйымының 1400 қызметкері жұмыс істеп жатыр. Олар 9 жедел әрекет ету орталықтарында және 30 бекетте орналасқан. Халықаралық қауымдастық осы сәтке дейін Украина ішінде 3 млн 400 мың тұрғынға гуманитарлық көмек көрсетті. Тамыз айының аяғына дейін бұл сан 2 есе артып, 8 млн 700 мың адамға жетуі керек. Жыл соңына дейін гуманитарлық көмекке мұқтаж кісілер саны 25 млн-ға жуықтауы мүмкін. Бұл соғыс тез арада тоқтатылып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес бейбітшілік салтанат құруы тиіс.

Айта кетерлігі, БҰҰ Бас хатшысының Киевке сапары кезінде қалаға бірнеше рет зымыранмен шабуыл жасалды. Бұл ақпаратты Украина президентінің кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк мәлімдеді. Зымырандар әскери нысанмен қатар тұрғын үйлерге де түскен. Жалпы Антонуи Гутерриш пен Владимир Зеленский арасындағы кездесудің басты тақырыбы – Мариупольдағы бейбіт тұрғындарды эвакуациялау болды. Тиісті мәселе оның Мәскеуге сапары кезінде Владимир Путинмен де талқыланған.