Газ саяси және экономикалық қаруға айналды ма?

Ресей Польша мен Болгарияға табиғи газ жеткізуді тоқтатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені олар төлемді рубльмен жасаудан бас тартқан. Осыдан кейін Кәрі құрлықта газ бағасы бірден 21 процентке өсіп кетті. Негізі «Газпромның» келісімшартына сәйкес, Польшаға жылына 10 миллиард текше метр көгілдір отын жеткізілетін. Бұл елдің ұлттық тұтыну мөлшерінің шамамен жартысы. Сарапшылар мемлекет қыста қиналуы мүмкін дейді. Жылу маусымы басталғанда шикізат тапшылығы туындап, оны өнеркәсіптік секторларда тұтыну шектелуі ықтимал деген болжам бар. Алайда Польша билігі тұрғындарды алаңдамауға шақырып отыр. Өйткені газ импорттаудың бірнеше баламасы барын айтады. Оның үстіне жергілікті қоймалар 76 процентке толып тұрса керек. Ал Болгарияға жылына 3 миллиард текше метр ресейлік газ жеткізіледі. Ол жергілікті қажеттіліктің 90 процентін жауып отырған. Болгария Ресей көгілдір отынды «саяси және экономикалық қару» ретінде қолданып жатыр дейді. Сондай-ақ ресми Мәскеудің бұл әрекетін бір жақты бопсалау деп атады. 

Александр Николов, Болгария энергетика министрі:

– Ресей ұсынған екісатылы төлем жүйесі біз үшін қауіпті болуы мүмкін. Өйткені келісімшарт бойынша біз еуромен төлем жасауымыз керек. Алайда оны доллармен жүргізіп, кейіннін рубльге ауыстыру шарт талаптарын бұзуға теңелуі мүмкін. Оның үстіне айырбастаудың да қай бағаммен жүргізілетіні де белгісіз.

Десе де Ресейдің ұсынысын қабыл алғандар да бар. Мәселен, Венгрия мен Армения газ үшін рубльмен төлем жасауға келісті. Жалпы бұл оқиғаға қатысты ресейліктердің айтар өз уәжі бар. Президент Владимир Путиннің баспасөз хатшысының айтуынша, Батыс елдері Орталық банктің валюта қорын бұғаттап тастағасын, қазір мемлекет «күрделі экономикалық соғысты» бастан кешіріп жатыр. Мұнай-газ секторы Ресей бюджеті кірісінің жартысын қамтамасыз етіп келген. Жергілікті энергия тасымалдаушылардың ең негізгі тұтынушысы – Еуропа елдері. 

Дмитрий Песков, Ресей президентінің баспасөз хатшысы:

Бұл барып тұрған қарақшылық. Өйткені Батыс елдері біздің халықаралық активтеріміз бен қорларымызды бұғаттап тастады. Сондықтан қазіргідей жағдайда президенттің табиғи газды рубльмен сату ұсынысы ақылға қонымды шешім деп санаймыз. Біз Ресей валютасына қолдау көрсету үшін тиісті шаралар қабылдауымыз керек.