Үндістанда бидай бітік шықпай қалды

Үндістандағы аптап ыстық салдары осы елдің өзінен бөлек Еуропа үшін де ауыр болғалы тұр.

Украинадағы қарулы қақтығысқа байланысты «кәрі құрлыққа» астық тасымалы қиындаған. Еуропа елдері Үндістанға үміт артқан еді. Алайда мұнда күннің ыстығы ауыл шаруашылығына кесірін тигізді. Салдарынан бидай, күріш пен қант экспорты қысқарған. Кейбір өңірде өзге мемлекеттерге жеткізілуі тиіс бидай 20 процентке аз жиналған. Аптап ыстықта жұмысшылар да егіс алқабына шығудан бас тартып отыр. 

Девиндер Шарма, сарапшы:

- Білуімізше, Украинадағы шиеленіс салдарынан әлемде астықтың жеткізілуі 30 процентке қысқарған. Түрлі есептеулер бойынша ауа райының қолайсыздығына байланысты биыл Үндістанда да түсім 10 миллион тоннаға аз болуы мүмкін. Жағдай одан бетер ушықса, ол көрсеткіш 2-2,5 есе жоғары болады деген болжам бар.

Биыл Үндістанда көктемнің алғашқы айы 122 жылдық метеобақылау тарихындағы ең ыстық наурыз болып тіркелді. Сарапшылар бұл климаттың өзгеруі екенін айтады.

НАСА мәліметінше, өткен аптада елдің солтүстігінде ауа температурасы 46 градусты көрсеткен. Ыстыққа байланысты жұрт кондиционерді көп қосқандықтан электр энергиясын сөндіру жиіледі.

Сондай-ақ...