Еурокомиссия Аpple компаниясына айып тақты

Екі жыл бойы өткізген тергеуден кейін Еурокомиссия Эйпл компаниясы нарықтағы үстемдігін теріс пайдаланды деген айып тақты. Ол бәсекелестеріне Эйпл Пей төлемдер жүйесіне кіруге шектеу салған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл смартфондар арқылы төлем жүргізуге мүмкіндік беретін NFC технологиясына қатысты болып отыр. Осының салдарынан бәсекелестері қажетті құрал-жабдық пен бағдарламалық жасақтама ала алмай жүр. Бұл іс Эйпл компаниясын зор көлемде айыппұл төлеуге және өз төлем технологиясын ашуға мәжбүрлеуі мүмкін. Ал компания  өкілдерінің мәлімдеуінше, Apple Pay –  еуропалық тұтынушылар қолданатын көптеген төлем түрлерінің бірі.

Маргрете Вестагер, Еурокомиссия вице-президенті:

Өзгелерді ойыннан ығыстырып,  Apple өз Эйпл Пей әмияндарын бәсекеден қорғап алды. Бұл өзінің үстем жағдайын теріс пайдалануға тең, сондықтан бұл ережелерімізге сәйкес заңсыз әрекет.