Еуроодақ мұнай-газ мәселесінде Азияға бет бұруы мүмкін

Мексика билігі санкцияларға қосылмайтынын ашық айтты. Ресми Мехико шиеленісті бейбіт реттеген дұрыс деп есептейді.

Андрес Мануэль Лопес Обрадор, Мексика президенті:

- Біз бейтарап ұстанымдамыз. Бұл пікірімізді Біріккен Ұлттар Ұйымының қабырғасында да айтқанбыз.

Дау-дамайды бейбіт жолмен реттеген жөн. Әрине кез келген басқыншылықты айыптаймыз, өйткені мұндай озбырлықты біз де көргенбіз. 

Британияның бұл жолғы санкциясына банктер мен мемлекеттік ақпарат құралдары ілікті. Консалтинг және бухгалтерлік қызмет экспортына шектеу қойылды. Еуроодақ та жазалау шараларының 6-топтамасын ұсынды. Соның бірі мұнай эмбаргосы. Яғни Ресейден шикі "қара алтын" тасымалдауға кезең-кезеңімен тыйым салынбақ. Ал жыл соңына қарай мұнай өнімдерін импорттау толық тоқтауы мүмкін. 

Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия төрағасы:

- Ресей мұнайынан бас тарту оңайға соқпайды. Өйткені кейбір мүше-мемлекеттер оған қатты тәуелді. Бірақ біз бұл қадамды жасауымыз керек. Сонымен қатар қосымша жеткізу жолдарын қоса қарастырып жатырмыз. 

Сарапшылардың есебінше, Ресейдегі мұнай өндірісі күніне 11 миллион баррельден 9 жарым миллион баррельге дейін қысқарған. Еуроодақ бас тартқаннан кейін Кремль Азияға бет бұруы мүмкін. 

Ливия Галларати, сарапшы:

- Мұнай жіберу бағыты Еуропадан Азия елдеріне, оның ішінде Үндістанға қарай бұрылып жатқанын көріп отырмыз. Қытай да қызығушылық танытып отыр. Еуропаның Ресейдің энергия ресурстарына тәуелділігі соншалықты жоғары, одан бірден бас тарту мүмкін емес әрі аймаққа әсері орасан болмақ. 

Кремль жаңа шектеулерге қатысты түсініктеме беріп, "Батыс елдері мұның зардабын әлі-ақ тартады" деп мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, Ресейге қарсы бұған дейін 10 мыңнан астам санкция қабылданған. Оның басым бөлігін Ұлыбритания салған.

Ернат Қашқынов