476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Бейжің халқы аптасына үш рет ПТР-тест тапсыруы тиіс

  • 175
  • UPD: 23:20, 05.05.2022
Бейжің халқы аптасына үш рет ПТР-тест тапсыруы тиіс

Қытай астанасындағы мектептерде сабақ беру тоқтатылды. Бұл шектеу қауіпті вирустың таралуын тежеу мақсатында енгізілді.

Қаладағы қоғамдық тамақтану орындары да қазір жабық тұр. Олардың қашан ашылатыны әзірге белгісіз. Коронавируспен күрестің қосымша шарасы ретінде қаладағы 60-тан астам метро станциясы қызметін тоқтатты. Ал ауру ошақтары тіркелген аудан тұрғындарына басқа өңірлерге қатынауға тыйым салынды. Осындай қатаң шараларға қарамастан шаһар билігі Шанхайдағыдай локдаун енгізбейміз дейді. Сол себепті Бейжің халқы аптасына 3 рет ПТР-тест тапсыруы тиіс. 

Австралияда вирус жұқтыру едәуір артты

Австралияның батысында COVID-19 вирусын жұқтыру рекорды жаңарды. Бір тәулікте 9782 адам інденттің ілмегіне іліккен. Мұндай жағдай коронавирустық шектеулердің алынып тасталуымен байланысты. Мәселен, қазір Вашингтон штатында азаматтардың ғимарат ішінде маска тағуы міндетті емес.

ОАР: коронавирус өршіп тұр

Оңтүстік Африка республикасында да коронавирус өршіп тұр. Жұрт BA.4 және BA.5 деп аталатын омикронның жаңа түрлерін жұқтырып жатыр. Тек соңғы аптаның өзінде бұл штаммдардың кесірінен елдегі науқас саны 3 есе артқан.

Ғалымдардың айтуынша, әзірге бұл вирустардың адам ағзасына қаншалықты қауіпті екені белгісіз. Бірақ қолда бар вакциналардың оларға қарсы тұра алатыны айтылады.

АҚШ-та індеттен көз жұмғандардың саны 1 миллионға жетті

АҚШ-та коронавирустан көз жұмғандардың саны 1 миллионға жетті. Бұл туралы бүгін NBC телеарнасы хабарлады. Бұл Американың ең ірі он қаласы қатарына кіретін Сан-Хосе халқымен бірдей. Десе де, телеарна келтірген дерек пен Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы ұсынған мәліметте кішігірім алшақтық байқалады.

Ақпаратқа сәйкес, індет басталғалы Америкада 993 341 адам коронавирус кесірінен бақилық болған.

Хабар 24 телеарнасы