Ұлыбританияда жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау өтті

Сайлаушылар муниципалды кеңес мүшелері мен аудан мэрлерін таңдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көп дауыс жинаған шенеуніктер кәсіпкерлікпен айналысу шарттарын жасаудан бастап, қоқыстарды шығару мәселелеріне дейін жауапты болады. Сондықтан бұл саяси науқан парламенттік сайлаудан да маңызды саналады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Біріккен Корольдік құрамына кіретін Англия, Шотландия және Уэльс сайлаушылары муниципалды кеңес мүшелерін, Солтүстік Ирландия халқы жергілікті ассамблея мүшелерін таңдады. Англияның өзінде үміткерлер барлығы 140 аудандық мэриядағы төрт жарым мыңға орынға таласты.

Шенеуніктер төрт жылға сайланады. Жеңіске жеткен жағдайда қазына қаражатын жоспарлау, көлік, тұрғын үй және қоқыс жинау сияқты мәселелерге жауапты болады. Сайлаудың биылғы ерекшелігі – билік партиясы атынан қатысып жатқан кандидаттар үгіт-насихат жұмыстары кезінде өз басшысының атын пайдалануды ұят көрді. Оған Консервативті партия жетекшісі әрі Премьер-министр Борис Джонсонның локдаун кезінде сауық кештеріне қатысуы себеп. Өмір сүру деңгейінің төмендеуі де сайлаушылардың билік партиясына деген сеніміне селкеу түсіріп отыр. Оппозиция болса, қымбатшылық қысқан отбасыларға қажетті деңгейде қол ұшы созылмады дейді.

Кир Стармер, лейборшылар партиясының көшбасшысы:

– Біздің партияға мүше кандидаттардың қатарында мықтылар көп. Олардың басты назары күнкөрісі қиындаған халықта. Қайда барсақ та сайлаушылар комуналдық төлемдерді төлей алмайтындықтарын айтып шағымдануда. Солтүстік теңізде жұмыс істейтін мұнай және газ компанияларына салынған салықтың есебінен оларға көмек көрсетілуі керек деп ойлаймын. 

Энергия тасымалдаушылардың құнының күрт өсуінен көгілдір отын мен жарықтың қымбаттап кеткені белгілі. Ол өз кезегінде бірінші қажеттіліктегі тауарлардың бағасының шарықтауына әкелді. Пандемия кезінде жұмсалған бюджет шығандарын жабу үшін билік салықты өсіруге мәжбүр болды.

Борис Джонсон, Ұлыбритания Премьер-министрі:

Электр энергиясы құнына байланысты проблемалар бар екені рас. Әлемдегі бесінші экономика бола тұра, оны Франциядан тасымалдауымыз ақылға сыймайды. Біз энергетикалық қауіпсіздіктің британиялық стратегиясын қолға алдық. Болашақта ядролық, толқын және жел энергиясына басымдық береміз. Сайлауда жеңіске жетеміз деген сенімдемін.

Дауыс беру құқығына Англияда 18 жастан асқан, Шотландия мен Уэльсте 16 жастан асқан азаматтар ие. Сайлау учаскелері таңғы жетіден түнгі онға дейін жұмыс істеді. Нәтижелері бүгін және ертең жария етілмек. Сайлаушылар арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес оппозиялық партия билік партиясына қарағанда көбірек дауыс жинайды деген болжам бар.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы