Ташкент гүлмен көмкерілді

Ташкент көшелері гүл бағына айналды. Оңтүстік көршіміз ел астанасында ерекше фестиваль ұйымдастырды. «Жасыл мекен» жобасы аясында орталық саябаққа 1 миллион гүл егілді. 

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Осы күндері Өзбекстан астанасында жасыл желек атаулыға аллергиясы бар адамдар үшін қолайлы мезгіл емес. Көшелер көкке оранып, саябақтар гүлмен көмкерілген шақ қазір. Бірақ қаланың осы бір ерекшелігі саяхатшылардың мұнда жиі ат басын бұруына сеп. Әдетте елдің Наманган қаласында өтетін гүлдер фестивалі биыл Ташкентте де ұйымдастырылып, төңірек таңғажайып сұлулыққа бөленіп жатыр.

Өзбекстан жыл сайын фестивальдің жүздеген түрін өткізеді. Бұл жолғысы көздің жауын алады. Сұлулыққа өн бойы тұнып тұр. Саябақта таң сәріден адам аяғы арылмайды. Гүлзар бақтың дизайны да ерекше. Оны түркиялық мамандар жасаған.

БЛИЦ:

- Екінші күн фестиваль болып жатыр. Пандемия алдында болған. Осы жерде жүргенімізге қуаныштымыз. Мына жерде Сакура гүлдеп жатыр. Жапонияда жүргендейміз.

- Өте әдемі. Түр-түрін кездестіріп жатырмыз. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін.

- Гүлдерді қатты жақсы көремін. Көңіл-күйімді көтереді. Құрбыммен келіп, жақсы әсер алып, қайтып барамыз.

Ташкент төрінде көпшілік сакураның гүлдегенін де тамашалады. Жапон ағашының бір түбі осы саябақта өсіп, жайқалып тұрғандай әсер қалдырады. Бірақ бұл инсталяциялық көрініс, дизайнерлік көзқарас. Жұрт назарына ұсынылған гүлдердің жартысы жасанды. Тек 1 миллионы флористердің төл туындысы.

Мұрат Ермейдан, бас дизайнер:

- Елде «Жасыл мекен» жобасы жүзеге асып жатыр. Ол айналаны гүлмен көмкеруге көзделген. 1 миллион көшетті осында егіп өсірдік. Әлішер Науаи алаңында көпшілік назарына ұсынып отырмыз. Одан бөлек 800 мыңдай жасанды гүлді көрсеттік. Жапон сакурасымен бірге мадагаскар баобабы және шынар ағашы да бар.

Фестиваль қонақтары гүлзар баққа дән риза. 3 күнге созылған шараға мыңдаған мейман келді. Енді саябақ аумағы кеңейіп, қаланың басқа да жерлеріне гүл егу көзделіп отыр. Жасыл желектің көбейгені экологиялық жағдайды да жақсартады. Өзбекстан билігі бұл іске зор көңіл бөледі. Ташкентте ғана емес, республиканың барлық аймағында ағаш кесуге мораторий жарияланған. Ереже бұзғандар қатаң жауапкершілікке тартылады.

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатульяганов