Украинада бейбіт тұрғындар Запорожьеге жеткізілді

Мариуполь қаласындағы «Азовсталь» зауытынан эвакуацияланған бейбіт тұрғындардың соңғы тобы Украина күштерінің қарамағындағы Запорожье қаласына жеткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәліметке қарағанда, Ресей күштері қоршауға алған өндіріс ошағынан бұл жолы 175 адам шығарылған. Еске сала кетейік, Мариуполь қаласынан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау БҰҰ және Қызыл крест ұйымының бастамасымен өткен аптада басталған. Содан бері Азовсталь зауыты мен шаһардың өзінен 600-ден аса бейбіт тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген.

Біз зауыттан ешқашан шыға алмаймыз ба деп ойлап едік. Ең қиыны азық-түлік пен отын тауып, балаларды тамақтандыру болды. Олардың бәрін басымызды қатерге тігіп, от пен оқтың арасында жүріп іздеуге мәжбүр болдық.

Ал кейбір мәліметке қарағанда Ресей әскері кеше зауыттан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау аяқтала салысымен өндіріс ошағын қайта атқылай бастаған. Шаһардың өзінде тұрып жатқан бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетіліп жатқаны айтылады. Украина биілгінің мәлімдеуінше, шаһарда 100 мыңнан аса тұрғын бар. Айта кетейік, Мәскеу Мариупольді сәуірдің 21-і күні толық бақылауына алғанын жариялаған болатын. Бірақ қоршауда қалған Украина жасақтары Азовсталь зауытына бекініп әлі қарсылық танытып жатыр.