Оңтүстік Осетияның Ресейге қосылуы бойынша референдум өтеді

Оңтүстік Осетияның Ресейге қосылуы бойынша референдум өтеді

Бұл туралы өз-өзін егемен деп жариялаған республиканың қазіргі президенті Анатолий Бибилов мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости.

Ол қарсыласы Алан Гаглоевтің Республика басшысы сайлауының екінші турындағы жеңісін мойындағаннан кейін осындай мәлімдеме жасады.

Бибилов референдум өткізу үшін барлық құжаттар жиналып, Ортсайлаукомға тапсырылғанын атап өтті.

Референдум болады. ОСК мұның бәрін қарастырып, содан кейін Жоғарғы сотқа жолдап, референдум өткізетін күнді анықтауы керек, - деді Оңтүстік Осетияның президенті Анатолий Бибилов.

Оңтүстік Осетия ОСК мәліметтері бойынша, хаттамалардың 18% өңделгеннен кейін, екінші турда Гаглоев 59,22% дауыс жинады, ал Бибилов – 37%.

Бибилов сайлаудағы жеңілісін мойындап, Гаглоевке сәттілік тіледі.

Бұған дейін Оңтүстік Осетияда президенттік сайлау өткен соң біраз уақыттан кейін өз-өзін егемен деп жариялаған республиканың Ресеймен бірігуі бойынша референдум өткізу жоспарланғанын айтқан. Бибилов бұл бірігуді Оңтүстік Осетия халқының «стратегиялық мақсаты» деп атады.