Өзбекстанда сұм соғыстың 236 куәгері қалды

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Өзбекстандағы халық саны 6 жарым миллионға жететін. Соның 1 жарым миллионы Отанды – басқыншылардан  қорғау үшін қан майданға аттанды. 420 мыңы еліне қайта оралмады. Ерен ерлік көрсеткендері орден, медальдармен награтталды. Жалпы Өзбекстаннан соғыс кезінде Кеңестер Одағының 300-ден астамы батыры шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қоңсылас мемлекет Жеңіс күнін кең көлемде атап өтуді кейінгі жылдары дәстүрге айналдырды. Ташкент төрінде фашизмді жеңгендердің құрметіне арнайы саябақ салынды. Аумағы атшаптырып жерді алып жатқан кешен түрлі тақырыптық көрмелерді қамтиды.

Алим Ачилов, қала тұрғыны:

Саябаққа арнайы осындай киіммен келдім. Бабаларымызға деген өзіндік құрметім. Екінші дүниежүзілік соғыс біздің ортақ тарихымыз. Оған Кеңес Одағы құрамында болған әрбір мемлекет өлшеусіз үлес қосты.

Парк кеңестік техника, қару-жарақтарға толы. Майдан даласындағы көрініс, кескілескен шайқастарды ойға оралтады. Соғыс әндері де орындалып, отаншылдық рухты көтереді. Саябақта генерал Сабыр Рахымовтың ескерткіші де бар. Батыр баба құрметіне өзбек билігі «Даңқ» монументін тұрғызған.

Жұмабай Насиров, мемлекеттік музейдің жетекші қызметкері:

Сталинград, Кавказ, Курск бағытындағы шайқастарға көптеген өзбекстандық қатысты. Солардың ішінде Кеңес Одағының батыры Сабыр Рахымов та болды. 37-гвардиялық дивизияға командирлік етті. Польшаның Гданьск қаласын жаудан азат етіп, сол жерде қаза тапты.

Сабыр Рахымов соғыста темірдей тәртіп, берік болмысымен танылған. Кеңес әскері сапына Өзбекстан жерінен шақырылды. Дегенмен діні мен ділі қазақ еді. Мемлекеттік музейде оның алдын жұлдыз ордені сақталған. Киген киім, тұтынған заттары да бар. Батыр баба ерліктің символы саналады.

Жұмабай Насиров, мемлекеттік музейдің жетекші қызметкері:

Өзбекстанға соғыс жылдары 150 зауыт көшірілді. Қаншама адам осы жерге қоныс аударды. Бізде әскери ұшақтар құрастырылды. 2 мың 400 ұшақ жасалып, майданға жіберілді.

Жеңісті жақындатуға үлес қосқан әрбір майдангердің құрметіне Өзбекстан билігі биыл 1350 доллардан сыйақы бөлді. Қазір елде сұм соғыстың 236 куәгері ғана қалды.

Алматыда жасақталған әйгілі Панфилов дивизиясының сапына да мыңдаған өзбекстандық келіп қосылған еді. Қазақ, қырғыз, түрікмен, тәжік болып, басқыншыларға тойтарыс бергені тарихи шындық әрі әділеттілік. Мұны батыр балалар ұрпағы еш уақыт ұмытқан емес. Ерліктерін жаңғыртып, есімдерін әрдайым ұлықтайды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов