Испанияда Украинадан бас сауғалап барғандарды тонау жиіледі

Туған жерін тастап, шетелге бас сауғалаған украиндық босқындардың саны алты млн адамға жуықтады. Тек соңғы бір тәулікте  Украинадан 57 000 мың тұрғын үдере көшуге мәжбүр болған. Бұл туралы БҰҰ мәлімдейді. Босқындардың көп бөлігі Еуропа елдерін паналауға мәжбүр. Бұл ретте шетелге көлікпен жеткен украиналық босқындарға қарақшылық шабуыл күшейе түскен.

Аида Қыдырбай, тілші:

- “UA”, яғни украиндық номері бар Тойота маркалы көлігіме тек бір айда Еуропада міне осымен екінші рет шабуыл жасалды. Ұрылар терезесін сындырып, фотоаппарат, ноутбук сияқты бағалы дүниелерді ұрлап әкеткен. Екі жағдайда да жергілікті полиция және көлік жөндеу бойынша қызмет орталықтары, әсіресе украиналық номері бар осындай көліктерге соңғы екі айда шабуыл еселеп артқанын айтады.

Роджер Гомас, қызмет көрсету саласының маманы:

- Көліктің әйнегін шағып, ұрлық істеу жиіледі, тіпті жер асты паркингіндегі украиндық машиналарды зақымдаушылар артқан.

Барселона маңындағы шағын қалада орналасқан бір ғана қызмет көрсету орталағына бір аптада “терезем шағылды”  деп шағымданған көлік иелерінің саны төрт есеге артыпты. Жалпы Еуропада "ру" немесе "ua" деген номерлі машиналарды бүлдіру фактісі  қатты өскен. Бұл туралы жергілікті БАҚ құралдары да жарыса жазды. 

Аида Қыдырбай, тілші:

- Испания құқық қорғаушылары босқындардың көлігіне қатысты ұрлықты екі фактормен салыстырады. Ең алдымен, үй-күйі жоқ босқын көлігінде бағалы заттар болуы әбден мүмкін, екіншіден, мұндай ұрлық ұлтаралық қақтығыс негізінде қасақана жасалады. Жалпы Еуропа елдері бойынша жылына 150 мың көлік ұрланады. Тек Испанияда бір жылда ұрланған көлік саны қырық мыңға дейін жетіп, бір күнде орташа есеппен жүз машина жымқырылады. Өкінішке орай, терезесі шағылған көлікті айтпағанда, ұрланған көліктердің он проценті ғана иесіне қайтарылады. Қалған 90 проценті құмға сіңген су сияқты ұшты-күйлі жоқ болады.  Бұл туралы Испания ІІМ мәлімдейді. 

Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач