Кубада жарылыстан қаза тапқандар саны артты

Куба астанасындағы "Саратога" қонақ үйіндегі жарылыстан опат болғандардың саны артып, 40-қа жетті.

Тағы 18 адам ауыр халде жатыр. Олардың арасында 2 бала бар. 13 адам жоғалып кеткен. Қазір апат орынында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылар ғимараттың астындағы жертөледе тірі қалғандар болуы мүмкін деп отыр.

Еске сала кетейік, өткен сенбі күні Гавананың орталығындағы "Саратога" қонақ үйінде жарылыс болып, ғимарат өртке оранған еді. Әзірге жарылыстың неден болғаны белгісіз. Болжамға қарағанда қонақ үйдегі газ баллоны жарылған болуы мүмкін.

Гильермо Диас Медерос, қонақүйдің қауіпсіздік қызметінің басшысы

- Жарылыстың қалай болғанын түсінбей қалдым. Есімді жисам үйінділер астында жатыр екенмін. Содан әйтеуір жанталасып жүріп сыртқа шықтым. Қасымда көп адамның жатқанын көрдім. Оларға көмектесуге тырысқаныммен ешнәрсе шықпады.