Оңтүстік Кореяда жаңа президентті ұлықтау рәсімі өтті

Солтүстік Кореямен келіссөзге есік ашық. Бүгін Корея Республикасының жаңа президенті осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Юн Сок Йел бүгін қызметіне кірісті. Өкілеттігінің алғашқы күні Оңтүстік Корея басшысы жаңа бастамалар енгізді. Сеул орталығындағы көне қоңыраудың сыңғыры Корея жаңа президентінің өкілеттігі туралы хабардар етті. Ол жиырмасыншы мемлекет басшысы, сондықтан салтанатты рәсім Кореяның 20 құрметті азаматына сеніп тапсырылды. Олардың арасында ғалымдар, құтқарушылар және Солтүстік Кореядан қашқан азаматтар бар. Юн Сок Ёлдың қолдаушылары түн ортасында концерт берді. Арасында Америка туын ұстағандар болды. Өткені Юн Америка Құрама Штаттарымен тығыз жұмыс істейтінін айтады. Кездейсоқ па, жоқ па, Джо Байденнің Сеулге сапары 21 мамырға жоспарланған.

Владислав Цой, тілші:

– Президент Юн Сок Ёль халыққа жақын болудың тың тәсіліне көшті. Ол өз резиденциясын билеушілер 600 жыл бойы отырған сарайдан Қорғаныс министрлігіне алмастырды. Ежелгі сарай енді мұражайға айналады. Тағы бір ерекшелік, президенттің жаңа кабинеті көшедегі адамға да көрініп тұрады.

Инаугурация рәсіміне 40 мыңнан астам адам қатысты. Олардың көбі Юн Сок Ёлдың Солтүстік Кореямен қарым-қатынасы туралы сөздерін күтті. Шынында да АҚШ-пен одақ құруды жақтаушының билікке келуіне солтүстігіндегі ағайындар мәз емес. Сондықтан бірнеше рет зымыран ұшыруды жүзеге асырып, келесі ядролық сынаққа дайындалып жатқан сияқты.

Юн Сок Йел - Корея Республикасының президенті:

– Егер КХДР ядролық дамуды тоқтатып, шынымен де ядролық қарусыздандыруға кірісетін болса, біз оның экономикасы мен халқының өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартатын батыл жоспар ұсынуға әзірміз. Денуклеаризация Корея түбегіндегі тыныштыққа және Азия мен әлемдегі бейбітшілік пен гүлденуге үлкен үлес қосады.

Салтанатты шараға еліміздің азаматтары да қатысты. Қазақстан корейлері қауымдастығының мүшелері ел экономикасына жаңа инвестиция тарту жөнінде келіссөздер жүргізеді. Генерал Хон Бом Доның сүйегі корей жағына берілгеннен кейін екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілді.

Сергей Огай, Қазақстан корейлері қауымдастығының президенті:

– Қазір бізде жоспар бойынша Қызылордадағы Хон Бом До мемориалын қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Біз оны сол күйінде сақтадық. Келісімдерге сәйкес Хонг Бом До мұражайы ашылады. Мəдени, білім саласында ынтымақтастық жоспары көп.

Юн ел үшін қиын уақытта қызметке кірісті. Ресей – Украина қақтығысына байланысты ұлттық валюта вона тез құлдырып барады. Өйткені Сеулдің Мәскеумен бірлескен жобалары көп. Оңтүстік пен Солтүстік Корея арасындағы қақтығыстың да жақын арада шешілуі екіталай. Жаңа президент экономикалық дағдарыстан шығудың жолын ғылым, техника мен инновацияны дамытудан іздейді. Жоспарларды іске асыру үшін Юнның бес жылдық бір президенттік мерзімі бар.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян