Өзбекстанда енді заң жүзінде некелесу қиындай түседі

Іргелес ел азаматтарды жұбайлық өмірге қадам басар алдында ДНҚ сараптама жасауға міндеттеуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған кейінгі кезде туыстық неке салдарынан өмірге сырқат балалардың көптеп келуі себеп. Туыстық неке мәселесі Өзбекстанда көптен бері қозғалып келеді. 1998 жылы мемлекет бұған тіпті заң жүзінде тыйым салған. Соған қарамастан ауылдық жерлерде туған-туыспен қыз алысу дәстүрі әлі үзілмеген. Былтыр жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесі мұндай жұптардың көбі ата-ана қалауымен пайда болатынын көрсетті.

Дилора Вахидова репродуктивті орталық директоры:

Бізде шығыс халықтарына тән менталитет бар. Үлкенді сыйлау, айтқанын орындау міндет. Мұның түп-тамыры махалладан басталады. Заң жүзінде туыстық некеге тыйым салынғанымен, шалғайдағы елді мекендерде жағдай қайталанып жатыр. Сондықтан өз тарапымыздан семинар өткізіп, ағартушылық жұмыс жүргіземіз. Жастар туыстық некенің салдарын түсінуі керек.

Өзбек билігі де кейінгі кезде проблеманы жасырып жүрген жоқ. Президент деңгейінде мәселе қаралып жатыр. Үйленетін жастар ДНҚ сынамасын тапсыруға міндеттелді. Туыстық байланыс байқалса, азаматтық хал актілері тіркелмейді. Бірақ тапсырманы орындау кейінге қалатын түрі бар. Себебі елде мұндай сараптамалық орталықтар жетіспейді. ДНҚ құнын да кез келген өзбекстандықтың қалтасы көтере бермейді.

Дилора Вахидова репродуктивті орталық директоры:

Репродуктивті орталық генетик маманды жұмысқа алды. Зертхана арнайы қондырғылармен жабдықталды. Некеге тұрғысы келген жұбайлар сол жерге барып тексеріле алады. Әзірге тәуекел топтары ғана бақылауға алынып жатыр. ДНҚ сынамасы да, қондырғылары да қымбат.

Жергілікті мамандар туыстық некенің барлығында да сырқат бала дүниеге келеді дегенге келіспейді. Статистикаға сүйенсек, Өзбекстанның оңтүстік облыстарында туыстық неке көп. Сұрхандария, Қашқадария және Сырдария облыстары көш басында. Аталған өңірлердегі ахуал махалла және отбасы министрлігінің бақылауына өтті. Ондағы қыз-жігіттердің тәрбиесімен ведомство мамандары айналысады. Ал сырқат балаларға мемлекет және демеушілер көмек көрсетіп жатыр.

Шахноза Якубова, жеке клиниканың қызметкері:

– Өзбекстанда жүрек ақауы бар балалар көп дүниеге келеді. Оларды демеушілер есебінен сауықтырып жатырмыз.++Ата-аналарының қаражаты жетіспейді. Салдарынан өлімге де душар болатындары бар. Жағдайды қалай болса да жақсартуды ойлап жүрміз.

ДНҚ сынамасын міндеттеу ережесі келер жылы енгізіледі. Оған дейін репродукті орталықтарды жабдықтау қажет. Әуелгіде қызмет ақысын мемлекет толыққанды мойнына алады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

Туыстық некенің ұлт саулығына үлкен зиянын сезінген өзбек билігі заңды одан әрі күшейтуді жоспарлап отыр. Бірақ ауылдық жерлердегі жұртшылық мұны тағы айналып өтуі мүмкін. Дәстүрге сай қалың мал төлеуден алшақақтап жүретіндер кездеседі. Оның орнына еш міндеттемесіз туыстар арасында құда-жекжат болуды жөн деп табады. Заңға енгізілетін ендігі өзгерістер де проблеманың шешімін табуды көздейді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов