Франция президентіне бір жыл бойы багет пісіретін наубайшы анықталады

Парижде қаланың ең үздік багетін таңдады. Оны дайындаған кісі қомақты сыйақы алып, Елисей сарайымен бір жылға келісім-шарт жасайды. Биыл бұл сайыс ақпарат құралдарының зор қызығушылығын тудырды.  Өйткені француз багеті дүниежүзілік мұраның бір бөлігіне айналуы мүмкін.

Париж наубайшылар кәсіподағының салтанат залы адамға лық толды. Ең үздік багет сайысы әлемдік деңгейдегі іс-шараға айналған. Франция астанасының ең танымал символдарының бірі тақауда ЮНЕСКО тізіміне енгізілуі мүмкін. Байқауда жоғары талаптарға сай дайындалған нанның үздік үлгілері ұсынылды. Салмағы 250 грамм шамасында, ұзындығы 55 сантиметрден аспауы керек, тіпті тұз мөлшері де белгіленген.

Паскаль Барийон, қазылар алқасының президенті:

- Дәстүрлі багет биыл ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұрасының тізіміне енетініне үміттіміз. Біз төрт жылға жалғасқан ұзақ жолдың соңына тақап қалдық. Ол дәстүріміз бен мұрамыз саналатын наубайшы мамандығының рәмізі. Біз көбірек болашақ наубайшыларды оқытуды қолдадық. Мұны осы байқаудың көмегімен істеп отырмыз.

Француздар өмірінде багеттің орыны бөлек. Таңғы асының ажырамас бөлігі және мәдени мұрасы. Бір жылда елде 10 миллиард багет сатылады. Нанның дені шағын наубайханаларда дайындалады. Ал үздік багет байқауы құрметті мамандықты дәріптеудің бір жолы.

Франсис Бюссьер, Париж қолөнершілер палатасының президенті:

- Бүгінде наубайшылардың арасында ең үздік университеттерде оқыған адамдарды көріп отырмыз. Олар халықаралық компанияларда беделді қызметін тастап, осы іспен айналыса бастаған. 

Пандемияға дейін Париждің ең үздік багеті сайысында бұрын теміржолда жұмыс істеген шебер жеңіске жеткен болатын. Биыл 15 округтің кәсіби наубайханашысы марапатқа ие болды. 

Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан