Ресей әскері Мариуполь қаласындағы Азовсталь зауытын шабуылдауды жалғастырып жатыр

Соңғы күндері атыс тіпті үдей түскен. Киев Мәскеумен зауыттағы жауынгерлерді эвакуациялау туралы келіссөз жүріп жатқанын мәлімдеді. Ал өндіріс ошағына бекінген Украина   жасақтары Ресей күштеріне барынша қарсылық көрсетіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Азов батальоны командирінің орынбасары Святослав Паламарь ресейдің мыңдаған сарбазы ажал құшып, жүзге жуық танкісі талқандалғанын айтты.

Святослав Паламарь, «Азов» полкі командирінің орынбасары:

Қазір оқ-дәрі, азық-түлік, ауызсу мен дәрі-дәрмек таусылуға жақын. Бізді қинайтыны осы. Бірақ бұйрықты орындап, қорғанысты жағастыра береміз. Біздің гарнизон жаудың 6 мыңға жуық сарбазының көзін жойып, 78 танкісі мен 100-ден аса брондалған техникасын талқандады.

ҚАЛАЛАРДЫ АТҚЫЛАУ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Ал Украина әскері қарсы шабуылға көшкен Харьков облысында шайқас жүріп жатыр. Ресей әскері аймақтағы қалаларды зымыранмен атқылауды жалғастыруда. Кеше зымыран Дергачи шаһарындағы гуманитарлық орталыққа түсіп, 1 адам жарақат алды. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, гуманитарлық орталық халыққа аса қажетті тұрмыстық заттарды таратумен айналысып келген.