Шри-Ланкада билікке қарсы жаппай шерулер толастар емес  

Шри-Ланкада билікке қарсы жаппай шерулер толастар емес   

Наразы халық көшелерді бөгеп, қарсылық танытып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халық жаңа тағайындалған үкімет басшысы Ранил Викрамасингхе резиденциясының алдына жиналып, бұрынғы премьер-министрді соттауды талап етіп жатыр. Президент Готабая Раджапаксаның да биліктен кетуін талап етті. Жақында экс-премьердің жақтастары шерушілермен қақтығысып, 8 адам көз жұмды, 200-ден аса кісі жараланды. Шри-Ланкада толқулар өткен айда басталды. Оған пандемиядан елдің негізгі кіріс көзі – туризм саласының тоқырауы түрткі болды. Бұл мемлекеттік валюта қорының азаюына әкеліп, үкімет қарызға белшеден батқан. Салдарынан жанармай, электр энергиясы, азық-түлік және дәрі-дәрмектің бағасы қымбаттап кеткен.

– Олардың қарны тоқ, ал біз ашпыз. Құдайдан басқа сенеріміз қалмады. Полиция мен саясаткерлерден қайыр жоқ. Сондықтан үкімет тиісті шаралар қабылдап жанармай бағасын түсірмейінше, шеруді жалғастыра береміз.