Өзбекстанда тұрғындар үшін отандық көлік алған тиімді

Орталық Азиядағы ең ірі көлік өндіруші ел – Өзбекстанда жыл сайын 140 мың автомобиль шығарылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның өзі ішкі нарықты толық қамтуға жетпейді. Халық көп, сәйкесінше сұраныс та жоғары. Ал автонесиелендіруге келгенде ахуал қандай? Мемлекет тарапынан халыққа жеңілдетілген несие беріле ме? Жалпы Өзбекстанда автонесиелендіру бағдарламасы бар? Халыққа қандай жеңілдіктер ұсынылады? – деген сауалдарға меншікті тілші Рауан Мыңбаев зерттеп көрді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Анығында Өзбекстанда біздегідей жеңілдетілген автонесиелендіру бағдарламасы жоқ. Мемлекет тарапынан халыққа алдын ала жарнасыз және 4 проценттік несие берілмейді. Тек саладағы алпауыт өндірушілер екінші деңгейлі банктер арқылы жұмыс істейді. 33 қаржы ұйымының 20-сы автонесие ұсынады. Соның өзінде пайыздық мөлшерлемесі жоғары. 20-дан 33 процентке дейін барады. Өзбекстан Орталық Азиядағы ең ірі автоөндіруші саналғанымен, сол отандық өнімнің бағасы аспандап тұр. Біздегі көлікпен салыстырғанда қымбатырақ. Соған қарамастан мемлекет, халық тек өзбекстандық көлікті тұтынады. Бұған бірнеше себеп бар. Үкімет сырттан автомобиль әкелу тәртібін қатаңдатқан. Импорттық өнімді қаласаңыз, екі есе баж салығын төлеу керек. Сондықтан халыққа тек отандық темір тұлпар мінген тиімді. Тағы бір ерекшелік, көшеден қымбат көліктер байқамайсыз. Эконом санаттағысы жетерлік. Бұған өзбекстандықтардың автомобильге қарапайым қатынас құралы ретінде қарауы себеп. Аталған жайттар елді Орталық Азиядағы ірі автоөндіруші деңгейіне көтеріп отыр. Қазір елде ауыр техника да шығарылады. Тұтынушылық нарық кең болғандықтан әрдайым сұраныс бар. Ашық дереккөздерге сүйенсек, биыл Өзбекстанның машина құрастыру саласы үлкен қиындықтарға тап болды. Зауыттар халық сұранысын өтей алмай жатыр. Өндіріс ошақтарына көліктің кей бөлшектерін жеткізу барысында кедергілер туындап, халықтың тапсырысы 6 айға дейін кешіктіріліп жатыр. Сол себепті Үкімет сырттан көлік әкелу жолдарын жеңілдетті. Баж салығы әдеттегіден 2 есе арзандады. Автонесиелендіруге қатысты тағы бір айта кетерлігі, халыққа бөліп төлеу шарты да ұсынылады. Бұл жағдай өндірушіге де, банкке те тиімді. Өйткені көліктің бастапқы сомасы әдепкіде-ақ қымбат қойылады. 20-30 проценттік несие немесе бөліп төлеу шартымен көлік алудың айтарлықтай айырмашылық жоқ.