Шанхайда тіршілік қайта жанданды

Шанхайда тіршілік қайта жанданды. Тұрғындар дүкен, шаштаразға бара алатын болды. Қалған нысандар маусым айында ашылады.

Ал локдаун алып шаһармен қатар бүкіл Қытай экономикасына кері әсерін тигізді. Өндіріс, қызмет көрсету және сауда көрсеткіштері төмендеп, жұмыссыздар саны өсті.

Шанхайда үш күн бойы карантин аймақтарынан тыс аумақта ковид дерті жұқтыру тіркелген жоқ. Екі ай бойы вируспен қатал күрес жүргізген алып шаһар қалыпты өмірге келе бастады. Кейбір дүкендер, дәріханалар мен шаштараздар ашылды. Бірақ олар әзірге шектеулі тәртіппен жұмыс істейді. Жақын арада метро да ашылады. Дегенмен, бір миллионға жуық адам әлі де карантинде отыр.

Чжао Даньдань, Шанхай денсаулық сақтау комитеті басшысының орынбасары:

- Анықталған 77 науқастың 31-і карантинге орналастырылғандар. Сондай-ақ карантин аумағында ауру белгілері байқалмайтын 746 вирус тасымалдаушы анықталды. Бүгінгі таңда қаланың барлық 16 әкімшілік ауданында ауруды жұқтыру тіркелген жоқ.

Сәуір айында Шанхайда бір де бір көлік сатылған жоқ. Ал бұған дейін айына шамамен 30 мыңға жуық көлік сатылатын. Пудун әуежайындағы жолаушылар саны 99%-ке азайды. Індеттің өршуі бүкіл Қытай экономикасына әсер етті.

Фу Линхуэй, ҚХР мемлекеттік статистигі:

- Індет сәуір айында экономикаға кері әсерін тигізді. Ірі өнеркәсіпте қосылған құнның өсу қарқыны 2,9%-ке, қызмет көрсету саласындағы өндіріс индексі 6,1%-ке, тұтыну тауарларының саудасы  11,1%-ке төмендеді. Жалпы бұл пандемия әсерінен туындаған қысқа мерзімді өзгерістер. Қазір Қытай экономикасы тұрақты дамып келеді, ұзақ мерзімді үрдісі өзгерген жоқ. 

Карантинге байланысты мейрамхана саласының табысы 25 процентке азайған. Ал жұмыссыздық деңгейі соңғы екі жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетіп, 6%-тен асып кетті. Экономистер мамыр айында жағдайдың жақсаруын болжап отыр. Өйткені сәуірде сары және қызыл аймақтарда болған 64 қала елдің жалпы ішкі өнімінің 35%-ін өндіреді. 

Ботагөз Сырғабаева