Украинада 3778 бейбіт тұрғын қаза тапқан

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы Украинада қарулы қақтығыс басталғалы 3778 бейбіт тұрғын қаза тапқанын хабарлайды.

Оның 250-ден астамы балалар. Ал жарақат алғандардың саны 4186-ға жеткен. Соңғы бір тәуліктің ішінде 124 украиналық азамат жараланған. Десе де БҰҰ құрбандар мен задап шеккендердің саны ресми статистикадан әлде қайда көп болуы мүмкін екенін ескертеді. Қазір Әлем елдерінде Ресей мен Украина арасындағы әскери шиеленістен пайда болған  азық-түлік пен өзге де тауар түрлерінің тапшылығы өрши түсті. АҚШ билігі мұрындық болған жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі бойынша ұйымдастырылған кездесуде БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Мәскеу Украина порттарында тұралап қалған кемелердің экспортына кедергі жасамау керек деген талап қойды. Ресей мен Беларусь өндіретін азық-түлік пен тыңайтқыш та әлемдік нарыққа шығу керек дегенді алға тартты.

Азық-түлік дағдарысы

Дэвид Бизли, БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының атқарушы директоры:

- Президент Путин жүрегіңіз бар болса, порттарды бұғаттамаңыз! Барлық жолдар ашылу керек. Әлемде ашқұрсақ жүргендерге көмек беруіміз керек. Ашаршылықтың алдын алу қажет. Біз осыған дейін гуманитарлық дағдарыстың алдын алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап келдік.

Энтони Блинкен, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

- Дәнді дақылдар мен тыңайтқыш қоры бай әрі әл-ауқаты мықты елдер бірігіп мәселені шұғыл шешу керек. Құрама Штаттары Ресейдің шабуылынан кейін жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне 2,3 млрд доллар қаржы бөлді. Бүгін тағы 215 млн доллар көмек ұсынып отырмыз.