БҰҰ: Азық-түлік дағдарысына Ресей кінәлі

Шетелде де бәрі оңынан келіп тұрған жоқ. Төрткіл дүние азық-түліктен таршылық көретін түрі бар. Біріккен Ұлттар Ұйымы осыған алаңдайды. Халықаралық қауымдастық бұған Ресейді кінәлайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақиқатын айту керек, адамзат үшін азық-түлік тапшылығы қашан да болған. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл жолғы дағдарыстың зардабы зор деп әлден дабыл қағып жатыр. Бас хатшының мәлімдеуінше, бұған Украина аумағына басып кіріп, соғыс ашқан Ресей кінәлі.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

– Ресей Украина айлақтарында сақтаулы тұрған астықты қауіпсіз түрде экспорттауға мүмкіндік беруі керек. Ресейдегі азық-түлік пен тыңайтқыштар да әлемге еш кедергісіз таралуға тиіс. Мен қазір Ресей, Украина, Түркия, АҚШ, Еуроодақ және басқа да іргелі елдермен тығыз байланыста отырмын. Президент Путинге жеке айтарым, егер жүрегіңізде мейірім болса, айлақтарды ашыңыз. Азық-түлік тиеген кемелердің емін-еркін өтуіне жағдай жасаңыз. Әйтпесе сіңірі шыққан кедей елдердегі халық қырылады. Ресейдің Украинаға басып кіруі климат өзгерісіне де, ковид-19 жағдайына да, теңсіздікке де барлық факторға кері әсер етіп отыр. Ондаған миллион адамға аштық төніп тұр. Бұл дағдарыс көптеген жылға созылуы мүмкін.

Гутерриш биік мінберден мұндай сөзді бекерге айтпайды. Теңіз айлақтары қоршауда қалған Украина ай сайын әлемге 4 жарым миллион тонна ауыл шаруашылығы өнімін экспорттай-тын. Ресей екеуі дүние жүзіндегі бидайдың 30 процентін қамтамасыз ете-тін. Әлемде 36 мемлекет Ресей мен Украинаның астығына тәуелді. Халықаралық қауымдастың есебі бойынша, қазір Украинада былтыр жиналған 20 миллион тонна астық текке тұр. Осы экспорт тоқтаған соң, әлемдегі азық-түлік бағасы былтырғымен салыстырғанда 30 процентке қымбаттап үлгерді. Мұны Германия дипломаты «Астық соғысы» деп атады.

Анналена Бербок, Германия сыртқы істер министрі:

– Жалпы биыл Германия азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 4 миллиард еуро қарастырып отыр. Бірақ ащы да болса шындықты айтуымыз керек, ғаламдық азық-түлік дағдарысы бүгін-ертең түбегейлі шешілмейді. Біз барлық факторды бірдей қарастыруымыз қажет. Климат дағдарысын реттеуіміз керек. Қуаңшылық, су тасқыны мен жауын-шашыннан зардап шеккен шаруаларға көместескеніміз абзал. Ресей астық соғысын бастап берді. Бұл соғыс миллиондаған адам аштықтан қырылғалы тұрған сәтте басталды. Әсіресе Таяу Шығыс пен Африкадағы халыққа үлкен қауіп төніп тұр. Нан Малиде 2 есе, Ливанда 34 пайызға қымбаттады. Әріптестер мен достар, Ресейдің жалған ақпаратына ермеңіздер.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Кремльдің өз уәжі бар. Оны Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бірер күн бұрын былай жеткізген болатын.

Дмитрий Песков, РФ президентінің баспасөз хатшысы:

– Украинадағы теңіз айлақтарына тегіс мина қойылған. Ондағы су жолымен жүру, жүк тасымалдау аса қауіпті. Миналарды алу үшін арнайы операция жүргізу қажет. Бұл өте күрделі іс. Бұл мәселені президент Путин мен Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Гутерриш бірге талқылаған да болатын. Бұл біздің ғана кінәміз емес. Біздің жеткізушілер халықаралық коммерциялық келісім-шарттарды орындауға мүдделі, алайда салынып жатқан санкциялар еш мүмкіндік берер емес. АҚШ, Еуропа елдері мен басқалар шектеулерді алуы қажет.

АШТЫҚ ҚАУПІ ТӨНДІ

Соңғы 2 жылда тамаққа мұқтаж адамдар саны 276 миллионға жетті. Коронавирустың алдында олардың қатары 2 есе аз еді. Жарты миллионнан астам тұрғын аштықтан қырылудың аз-ақ алдында тұр. Бұл көрсеткіш соңғы 6 жылда 5 есе артқан. Коронавирус кезінде күшейген азық-түлік дағдарысын Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс одан сайын ушықтырып отыр.