Испанияда жанармай қымбаттады

Қымбатшылық деген қай салада, қай елде болса да бар. Испанияда дизель мен бензин бағасы кейінгі аптада екі процент өсті. Бұл еуропалық ел үшін бұрын-соңды болмаған таңғаларлық жайт, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп, Испаниядағы жанармай бекеттерінде қазір 1 литр отынның құны екі еуро. Осы себепті әр жерде акциялар ұйымдастырған. Жүргізушілер биліктен субсидия талап етіп отыр.  Франция және Италиядағы жанармай бекеттерінде аи 95 маркалы бензиннің бір литрі үш евроға дейін жетті. Енді, міне, Испанияда дизель мен бензиннің құны екі процентке өсіп, екі евро яғни шамамен 910 теңгені құрады. Қаржы сарапшылары мұны Украинадағы соғыспен байланыстырады. Бензин бағасы тек Еуропа елдерінде ғана емес Индонезия сияқты оңтүстік шығыс Азия аймағындағы мемлекеттерде де көтерілді.

Игорь Горовенко, қаржылық сарапшы:

Жұмыс бабымен көп саяхаттаймын. Соңғы бір айда бензин бағасы барлық Еуропа елдерінде қымбаттады. Бір евро 20 цент тұратын бензин Испанияда екі евроға дейін көтерілді. Жанармай бағасы, тіпті, Балиде де қымбат.

Барселона қаласының тұрғыны Клаудия бензин мен азық-түлік бағасының көтерілгенін айтып шағымданды. Соңғы бір айда нан өнімдері 25, жұмыртқа 21, май өнімдері 13 процентке қымбаттағанын жергілікті басылымдар жарыса жазып жатыр.

Клаудия, Барселона тұрғыны:

Жанармай мен тауарлар бағасының жылдам өскені Барселонада анық сезілді. Үкімет бензин өнімдеріне жиырма процент жеңілдік жасаған алайда мұндай көмек ұзаққа созылған жоқ. Қазір бензин бағасы шарықтап тұр.

Бензин қымбатшылығына қарсы наразылық акциялары Испанияның әр өңірінде өтіп жатыр. Үкімет  Еуропаның басқа елдерімен салыстырғанда бізде баға аса қымбат емес деп ақталды. Қазір Испания сұйытылған газды Аргентинадан тасымалдауды көздеп отыр. Егер уағдаластыққа қол жеткізсе, отын нарығындағы дағдарысты еңсеруге мүмкіндік туады.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач