ЕО Украинаға тоғыз миллиард еуро көлемінде несие бөледі

Еуроодақ Украинаға 9 млрд еуро көлемінде тағы да қаржылай көмек көрсетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаражат одаққа мүше елдердің кепілдігімен халықаралық нарықтардан қарызға алынбақ. Бұл туралы Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді. Ақша Киевке бірнеше траншпен аударылады және ұзақ мерзімге төмен пайызбен несиеге беріледі. Брюссель бұған дейін де Украинаға 4 млрд еуро көлемінде қаржылық және гуманитарлық көмек көрсеткен. Оның бір жарым миллиарды әскери мақсатқа бөлінді.  

Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

– Биыл біз Украинаға осыған дейін көрсеткен қысқамерзімді қаржылық көмекті жаңа макроқаржылық транштармен 9 млрд еуроға көтеруді ұсындық. Қайта құру жоспарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, әкімшілік әлеует, заң үстемдігі мен сот билігінің тәуелсіздігі салаларындағы реформаларға арнап отырмыз. Әрине ол жасыл және цифрлық экономикаға көшу мен еуропалық құндылықтарға берік бекітілуі тиіс.

Ресейдің энергиялық ресурстарынан толық тәуелсіз болу үшін Еуроодақтың өзіне де қосымша 300 млрд еуро инвестиция қажет. Бұл үшін Еурокомиссия импорттан толық бас тартуға арналған жаңартылған жоспар ұсынды. Бес жылдық жобада тезірек жасыл энергетикаға көшу және оның оңтайлы тұстарын қамту мәселесі қаралған. Дәлірек айтсақ, коммерциялық мекемелер мен қоғамдық орындарда энергия шығынын азайтып, оны күннен қуат алатын құрылғылармен ауыстыру жоспары бар. Одан бөлек, Брюссель Украинаның энергожүйесін қайта қалпына келтіріп, оны тәуелсіз етуді де көздейді.