Ердоған Швеция мен Финляндияның НАТО-ға мүше болуына үзілді-кесілді қарсы

Түркия алған бетінен қайтпайды. Президент Режеп Тайып Ердоған Швеция мен Финляндияның НАТО-ға мүше болуына үзілді-кесілді қарсы екенін тағы да қайталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түрік басшысы бұл туралы Мұстафа Кемаль Ататүрікті еске алуға арналған іс-шара кезінде айтты. Ердоған бұл елдердің лаңкестік – ұйымдарға қатысты ұстанымы нақты емес дейді. Айта кетейік, НАТО-ға жаңа елдер ортақ келісім бойынша қабылданады.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Егер Альянсқа мүше елдің бірі жоқ деп айтса НАТО ол елді қабылдай алмайды. Бізді бұл қос мемлекеттің, әсіресе, Швецияның лаңкестік ұйымдарға қатысты ұстанымы алаңдатады. Себебі, бұл елдер олардың үйіне айналған. Оның үстіне аталған мемлекеттер бізге қару жараққа қатысты санкция салған болатын.

Ал Швеция мен Финляндия мәселеге қатысты Түркиямен келіссөз жүргізіп жатқанын жеткізді. Бұл туралы қос елдің басшысы Вашингтонда президент Джо Байденмен кездесуде мәлімдеді. Швеция мен Финляндия өткен сәрсенбі күні  НАТО-ға қосылуға ресми түрде өтініш берді. Солтүстік Альянс басшысы Йенс Столтенберг өтінімді қарастыру тез өтетініне сенімді екенін айтқан еді.

Саули Ниинистё,  Финляндия президенті:

Түрік басшылығы біздің НАТО-ға мүше болу туралы өтінішімізге алаңдаушылығын білдіріп отыр. Финляндия мен Түркия үнемі жақсы қарым-қатынаста болған. Біз лаңкестіктің барлық түрін айыптап, онымен белсенді түрде күресіп келеміз. Сондықтан альянсқа мүше болуымызға қатысты алаңдатып отырған кез-келген мәселені талқылауға дайынбыз.

Магдалена Андерссон, Швеция премьер-министрі:

Швеция 200 жылға созылған бейтараптықтан кейін жаңа бағытты таңдап отыр. Өткен күні Швеция мен Финляндия НАТО-ға мүше болуға өтініш берді. Бұған біздің көрші тәуелсіз, демократиялық елге жасалған әскери шабуыл итермелеп отыр. Сондықтан үкімет швед халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең тиімді жолы НАТО-ға мүше болу деп шешті.