Маймыл шешек деген қандай ауру? ДДСҰ шұғыл жиын өткізді

Хайуаннан қауіп көп. Қапқаны былай тұрсын ауру тарататыны да бар. Қазір әлемде маймылдан адамға шешек жұғып жатыр. Дәл осы ауру АҚШ, Австралия, Перу, Ұлыбритания мен Еуропа елдерінде көбейіп ,ел дүрлікті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осыған алаңдайды. Бұл неғылған жұқпалы дерт, оның адамзат үшін қаупі қандай?

Мына суреттерге қарасаң, жаның түршігеді. Аты айтып тұрғандай, негізінен маймылдардан, кей жағдайда ұсақ сүтқоректі жануарлардан, кейін адамнан да жұғысу немесе тамшылар арқылы дем шығарғанда жұғады. Дене қызуы көтеріліп, әуелі бас пен бұлшықет ауырады. Үшінші-төртінші күні бет, қол, сосын бүкіл дене бөртіп кетеді.

Ұлыбритания

Джимми Уитворт, Лондон гигиена мектебінің профессоры:

- Қазір Еуропада таралып жатқан штамның ошағы Батыс және Орталық Африка. Жұқтырғандардың 1 проценті өлім құшады. Бұл індет қазіргідей қарқынмен ешқашан таралған емес. Тезірек бақылауға алмаса, ауру ушығып кетуі мүмкін.

Маймыл шешек Еуропаға жетті

Маймыл шешек Еуропада 7 мамырда анықталды. Оны Англияға Нигериядан оралған азамат әкелген. Португалия билігі 14 тұрғынның нақты жұқтырғанын хабарлады. Тағы 20 адам арнайы тексерістен өтіп жатыр.

Португалия

Маргарида Таварес, Маймыл безгегіне қарсы күрес тобының өкілі:

- Бұл ауру Португалияда бұрын мүлде тіркелген емес. Жұқтырғандардың ешқайсысы әзірге ауруханаға жатқызылған жоқ. Науқастардың жасы 20 мен 40-тың арасында. Вирус жыныстық қарым-қатынас арқылы жұғуы мүмкін деген күдік бар. Қазір соны анықтап жатырмыз. 

ДДСҰ төтенше жиын өткізді                   

Канаданың Монреаль қаласында 17 науқас анықталды. Кейін ол жақтан АҚШ-тың Массачусетс штатына жеткен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше жиын өткізді.

Швейцария

Мария Ван Керкхове, ДДСҰ сарапшысы:

- Біз жан-жақты зерттеу жасап жатырмыз. Ең алдымен аталған вирусты жұқтырғандардың оқшауланғанын тексереміз. Екінші кезекте, тестілеу және емдеу барысын бақылауда ұстаймыз.

Вакцина мәселесі қалай шешіледі?     

Перуде ешқандай науқас анықталмаса да, санитарлық дабыл жарияланды. Әуежайларда барлық жолаушылар қатаң тексерістен өтіп жатыр. Маймыл шешекке қарсы әлі вакцина жоқ. Сондықтан Британия билігі медицина қызметкерлеріне кәдімгі шешекке қарсы вакцина салдыруды ұсынбақ.

Сондай-ақ...