Украина: «Азовсталь» жауынгерлерінің тағдыры қалай болмақ?

Осы аптада Мариуполь қаласындағы «Азовсталь» комбинатында қалған барлық әскерилер сыртқа шығарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таяуда Ресей қорғаныс министрілігінің ресми өкілі  Мариупольдегі «Азовсталь» зауытының аумағы толық Ресей күштерінің бақылауына өткенін хабарлады. Игорь Конашенков комбинаттан соңғы бірнеше күнде 531 адам тұтқынға берілді деп мәлім етті. Ал қарулы қақтығыс басталғалы Азовстальға бекінген 2 мың 500-ге жуық адам қолға түсті дейді. 

Игорь Конашенков, Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

– Ресей Федерациясының қорғаныс министрі, армия генералы Сергей Шойгу Ресей президенті Владимир Путинге  операцияның аяқталғанын және комбинат пен Мариуполь қаласы Украина қарулы күштерінен толық босатылғанын мәлім етті.

Киевтің мәліметі бойынша эвакуация Мәскеумен өзара келісіліп, гуманитарлық дәліз ұйымдастырылғаннан кейін жүзеге асырылған. Қарулы күштер бастапқыда 10-ға жуық автобуспен Новоазовск қаласына жеткізілді. Жараланғандар сол жердегі ауруханаға жатқызылды. Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Малярдың айтуынша, тағы 211 адам Оленевка қаласына және Ресей күштерінің бақылауындағы Донецк түбіндегі Еленовка елді мекеніне бет алды. Ал кейбіреулері түзеу колониясы мен тергеу изоляторына жеткізілді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Мариупольдегі жағдайға келсек. Украина әскері, барлау қызметі мен өзге де әскери мамандардың арқасында, сонымен қатар халықаралық «Қызыл Крест» пен БҰҰ-ның көмегімен отандастарымыздың өмірін сақтап қалуға әрекет жасап жатырмыз. Олардың арасында ауыр жарақат алғандар да бар. 

Президент Владимир Зеленский бұл шараны «құтқару  операциясы» десе, Ресей билігі «тұтқынға берілу» деп атады. Украина тарапы жағдай тұрақталған соң эвакуацияланған әскерилер  тұтқындағы Ресей жауынгерлеріне айырбасталатынын айтты. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков украиналық әскерилерге қатысты халықаралық заңға сай шешім қабылданады дейді. Бірақ оларды әскери тұтқын ретінде қарастыруға бола ма деген сұраққа жауап беруден бас тарттты. Украина да бұл ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Тек аймақтағы барлық тұрғындар зауыттан шығарылғанын хабарлады.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Азаматтардың өмірін аман алып қалу үшін әскери командованиядан тиісті бұйрық түсті. Бүгінгі таңда зауытта бейбіт тұрғындар, дәрігерлер, жараланғандар жоқ. 

Дениз Прокопенко, командир:

86 күн бойы Мариупольде бекіндік. Әскери гарнизондағылардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалу үшін қаланы қорғауды тоқтату керек деген бұйрық түсті. Біз қиыншылықтарға қарамастан бейбіт тұрғындар мен жараланғандардың мүддесін бірінші орынға қойып отырдық. Ерлікпен қаза тапқан жасақтар туыстарына тапсырылады деп үміттенеміз. 

Ресей күштерінің қолына өткен жасақтардың алдағы тағдыры әзірге белгісіз. Зеленский олардың үйлеріне қайтуы енді БҰҰ, Қызыл Крест пен Ресей билігіне байланысты дейді. Тілшілерге берген сұхбатында халықаралық ұйымдар мен Мәскеу сөзінде тұрып, міндеттерін орындайтынына үмітті екенін ашық айтты. Сонымен қатар осы уақытқа дейін Азовстальға дәрі-дәрмек, азық-түлік пен қару жеткізу барысында украиналық ұшқыштар құрамының 90 процентінен айырылғанын жасырмады.