Қытайда эпидахуал қандай

Шанхайда қазір қоғамдық көлік жұмысын қайта жандандыра бастады. Әзірге метро желісінің 450 тармағының тек төртеуі ғана ашылды. Сонымен қоса автобустар 300-ге жуық бағыт бойынша қайта қатынап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қоғамдық көлікке міну үшін жолаушы ПТР-тесттің теріс нәтижесін көрсетіп, дене қызуын өлшеуі тиіс. Негізі қазір шаһардың жарты миллионға жуық тұрғыны қатаң локдаунда. Олар бірнеше сағатқа ғана тысқа шыға алады. Жалпы жергілікті билік қаладағы эпидахуал біртіндеп жақсара бастағанын айтады.

Чжао Даньдань, Шанхай қаласы Денсаулық сақтау істері жөніндегі комитет басшысының орынбасары:

Вирусты жұқтырудың 52 дерегінің 23-і каратиндік аймақта анықталды. 29 науқастың ауруы еш белгісіз өткен. Індет жұқырғандардың соңғы аптада жүзден аспай отыр.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

Егер жалпы елдегі ахуал туралы айтатын болсақ, тәуліктік өсім мыңнан аспай отыр. Ең көп оқиға Шанхай мен Бейжіңде. Бейжіңде вирустың өршіп тұрғанына бір айдан асты. Бұл уақыт ішінде бір жарым мыңдай адам ауырған. Эпидахуалы жақсы аудандарда киім сататын дүкендер секілді сауда орындары ашық тұр. Бірақ қаланың көп жерінде тек супермаркеттер, базарлар, азық-түлік дүкендері, тамақты өзімен бірге әкетуге болатын мейрамханалар мен дәріханалар ғана жұмыс істейді. Күн сайын миллиондаған адам ПТР-тест тапсырады. Соның арқасында карантиндік аймақтан тыс жерде вирус жұқтыру деректерін анықтауға болады. Кейінгі уақытта ондай оқиғалар тамақ жеткізушілер арасында, базарда, тіпті жоғары оқу орнында да  анықталған. Сол себепті университет қалашықтары оқшауланған.

Сюй Хэцзянь, Бейжің әкімшілігінің ресми өкілі:

Эпидемияның алдын алудағы жоғары оқу орындарының орны бөлек. Сондықтан мұнда локдаун талаптары қатаң сақталуы тиіс. Оқытушылар студенттерге сабақпен қоса кампус өміріндегі қиындықтарды еңсеруде қолынан келгенше көмектесу керек.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

Билік өткен тәулікте вирус жұқтыру деректерінің арта бастағанын айтып, алаңдап отыр. Жаңа оқиғалар, әсіресе, карантиндік аймақтардан тыс жерде көп. Бұған дейін айтқанымдай, тұрғындар күн сайын тест тапсырады. Оның нәтижесі 2 тәулікке жарамды. Алайда мәселен мектеп басшылығы балалар қашықтан оқыса да, олардан күн сайын тексеруден өтуін талап етеді. Жергілікті ақпарат құралдарында жаңа науқастар, олардың тұратын жері мен жұмыс орнының мекен жайы, соңғы уақытта қай жерлерде болғаны туралы мәлімет жария етіледі. Қаланың 5 ауданындағы тұрғындар қазір қашықтан жұмыс істеп жатыр. Дүкендерде азық-түлік тапшылығы жоқ. Жалпы қаладағы қазіргі ахуал осындай.