Техаста мектепте атыс болып, 21 адам көз жұмды

АҚШ-тың Техас штатында қайғылы оқиға болды. Бастауыш мектепте атыс болып, 21 адам ажал құшты.

Аймақ губернаторының сөзінше, көз жұмғандардың 18-і бала, 3-уі ересек адам. Тағы ауыр жарақат алған 3 адам шұғыл ауруханаға жеткізілген. Қайғылы оқиға Ювалд қаласында болды. Жазықсыз жандардың қанын төккен 18 жастағы қаскүнемді полиция атып өлтірген және 2 сақшы жараланған. Президент Джо Байден Ақ үй мен басқа мемлекеттік мекемелердегі туды төмен түсіруді бұйырды. Бұл қаралы рәсім 28 мамырға дейін жалғасады. Федералды тергеу бюросы былтыр АҚШ-та 61 атыс оқиғасы тіркелгенін хабарлады.

Камала Харрис, АҚШ вице-президенті:

- Мұндай сұмдық ешқашан қайталанбас үшін ұлт ретінде шешім қабылдауға батылдық танытуымыз керек. Әзірге оқиғаның жай-жапсары белгісіз. Өкінішке орай, қаншама ата-ана баласынан айырылып, қара жамылып қалды. Жүрегіміз қан жылап тұр. Нақты қадамға бармасақ, бұл қантөгіс жалғаса береді.