Британия жұрты Джонсонды жағадан алуын қояр емес

Ұлыбритания премьер-министрінің басы тағы дауға қалды. Жергілікті телеарналардың бірі пандемия кезінде Борис Джонсонның жалпыұлттық локдаун ережелерін бұзған жаңа фотоларын жариялады. Екі жылға жуық уақыт бұрын ресми резиденциясында оның сауық кешіне қатысқаны анықталып отыр. Полиция бұған дейін де осыған ұқсас ағаттығы үшін үкімет басшысын шағын айыппұлмен жазалағанымен Ұлыбритания жұртшылығы тынышталар емес.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Полиция бұл сауық кеші туралы білген және суреттерді зерттеп зерделеген. Тәртіп сақшылары сауық кешіне қатысушылардың кемінде біреуіне айыппұл салғанымен Борис Джонсон бұл жазадан аман қалған. Жаңа фотолар жария етілгеннен кейін оппозиция премьер-министрге қарсы шабуылын үдете түсті. Лейборшылар партиясы басшылығының пікірінше, Джонсон халықты ақымақ санап алдаған. Шотландия ұлттық партиясындағылар да оны өтірікші деп айыптап отыр. Және әдеттегіше қызметтен кетуін талап етуде.

Кир Стармер, лейборшылар партиясының көшбасшысы:

- Менің Премьер-Министр туралы пікірім өзгерген жоқ. Әрине Даунинг-стриттегі жүзден астам заң бұзушылықтарға қатысты тергеуден кейін ол отставкаға кетуі керек. Джонсон өз ісімен өзгелерге үлгі болуы тиіс еді. 

Премьер-министрдің стакан соғыстырып, тілек айтып тұрған суреттері екі жылға жуық уақыт бұрын түсірілген. Ол кезде Англияда қатаң локдаун енгізіліп, ғимарат ішінде жиналуға заңмен тыйым салынған болатын. Полиция осыған ұқсас 12 сауық кешінің өткізілгенін анықтап, өткен аптада 126 айыппұл салды. Борис Джонсон екі жыл бұрын жазда ресми резиденциясында туған күнін тойлағаны үшін әйелі екеуі шағын айыппұл да арқалады. Премьер-министр локдаун ережелерін бұзғандығы жөнінде тергеудің нәтижесі жуық арада жария етілетінін айтып ақталуда.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Полицияның есебі қолымызға тимейінше оған байланысты ешқандай да пікір білдіргім келмейді. Меніңше, оның жария етілетін уақыты да алыс емес. Тергеу ісіне ешқандай қысым көрсетілген жоқ, тәуелсіз жүргізілді.

Егер Парламенттегі әріптестері Борис Джонсонды бұған дейін өтірік айтып келді деп тапса, үкімет басшысының жағдайы қиын болуы мүмкін. Полицияның істі жауып, оған қояр сұрағы қалмағанымен Қауымдар палатасының Артықшылықтар жөніндегі комитеті тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Әріптестерін алдағаны дәлелденсе, премьер-министрдің отставкаға жіберілуі әбден мүмкін. 

Ғалымжан Қараманұлы