Бұқарада халықаралық зергерлер форумы өтті

Жаз айларында Бұқарада 60 градусқа дейін ыстық болады. Көктем ерте  шығып, қыс кеш келеді. Аптаппен бірге мұнда дауыл көтеріліп, боран да  соғуы мүмкін. Бірақ туристерді табиғаттың тосын мінезі тоқтатқан емес. Керісінше, лек-легімен келіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұқарада көне заманнан бері алтыннан зер тоқу өнері қалыптасқан. Өзіндік ерекше үлгісі бар. Фестивальдің ежелгі қала орнында өткізілуі бекер емес. Мұнда күні бүгінге дейін темірден түйін түйетін шеберлер тұрады.  Ежелгі жібек жолы бойындағы шаһарда бұл кәсіп қарқынды дамыған.

Жамол Қасымов, шебер:

Әкеміз осы іске жастайымыздан бейімдеді. Металды икемге көндіру оңай емес. Уақыт өте үйрендік. Енді бізден тараған ұрпақ та осы өнерді бойға сіңірсе дейміз.

Қазақстандық қолөнер шеберлеріне зергерлік өнердің қай-қайсы да  таңсық емес. Әлемге танымал майталмандар бар. Олар мұнда күмістен жасалған әшекей бұйымдарын ала келді. 40-тан астам мемлекет қатысқан шарада қазақтың салт-дәстүрі насихатталды. Халқымыз әрбір әшекейге өзіндік атау ғана емес, терең мағына берген. Мәселен мына жүзікті тек ақ жаулықты аналар таққан.

Икрам Мұхамеджан, суретші, зергер:

Әрбір оюдың мағынасы болады. Мысалы қошқармүйіз. Қой жақсы ғой. Ол береке әкеледі, байлық, ұрпақ көптігі деген сөз. Басқа тепе-теңдік деген бар. Жас қыздар тағатын жүзіктер бар. Жасы үлкендеу әйелдер тағатыны бөлек болады. Мен жасағандардың ішінде құдағи, шаңырақ жүзік деген бар.

Тамырын тереңге тартқан дәстүр елімізде бір кездері ұмыт бола бастаған еді, қазір қайта жаңғырды. Зер тоқу мектептері Алматы мен Түркістанда ашылған. Ал бауырлас өзбек халқы ежелгі дәстүрді әлемдік деңгейге көтерді. Бұқараны дүниежүзіне зергерлік орталық ретінде танытты.

Шавкат Зохидов, қолөнер шебері:

Бұл жапқышты әзірлеуге 3-4 ай уақыт кетеді. Белгілі қиыншылықтары бар. Сабырлық керек. Самарқанда әрбір отбасы, үйленген жұбайлар осындай дүниені тұтынады. Киім-кешекке зер қосып, тігеміз. Сұраныс бізде өте жоғары.

Ботиржон Шахриёров, Туризм және мәдени мирас министрінің орынбасары:

Бұқарада 100-ге жуық қолөнер шебері тұрады. Олар әлемдік деңгейде мойындалған. Ресми мәртебелері бар. Шәкірттері 5 мыңнан асады. Әлемнің басқа қалаларымен салыстырғанда бұл өте жоғары  көрсеткіш.

Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи қабірінің жаңа жапқышы алтын жіптен тоқылып жатыр. Авторы белгілі қолөнер шебері Айжан Әбдубаит. Негізгі мамандығы суретші болғанымен, зерлеу өнерімен 30 жылдан бері айналысып келеді. 6 айда жапқыштың үштен бір бөлігін тоқып үлгерген. Екі жылдан кейін Яссы мазарына жабуды көздеп отыр. Айжан Әбдубаиттің құны 10 мың долларға пара-пар зер бұйымдары да бар.

Айжан Әбдубаит, қолөнер шебері:

Бұл өнер кеңес кезеңінде ұмытылған еді. Біз суретші боламыз деп сол заманға сай үйреніп жүріп, ұмытылып бара жатқан өнерді жаңғырттым. Ал енді өзіміздің қазақтың мұндай өнері тұрғанда осыны зерттеп, жаңғыртып, кейінге ұрпаққа жеткізу үшін 30 жылымды арнадым. 100-ден астам шәкірт тәрбиеледім.

Жалпы бауырлас елде мәдени фестиваль ұғымы кең. Жыл сайын  жүздеген түрі өтеді. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, қайтарымы мол. Төл мәдениетті әлемдік деңгейде насихаттау арқылы туризмге тың серпін беріліп жатыр. Халықаралық зергерлер форумы бұған бір ғана мысал.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов

Сондай-ақ...