Ресей әскері Донецк облысындағы үш қаланы басып алды

Арасында Светлодарск бар. Украина Қорғаныс министрлігі мұны уақытша жетістік деп отыр. Луганск облысының 95%-ін Ресей өз бақылауына алған. Бұл туралы  аймақтық әскери әкімшілік басшысы Сергей Гайдай мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті журналистер Лисичанск мен Бахмут арасындағы жолдың зымыранмен атқылғанын хабарлады. Бұл стратегиялық жағынан маңызды жол. Ол арқылы үлкен қалаларға гуманитарлық жүк жеткізіледі.

Александр Мотузяник, Украина Қорғаныс министрлігінің өкілі:

Украина әскері Лисичанск мен Бахмут арасындағы жолды өз бақылауында ұстап отыр. Бұл жол жабылып қалған күннің өзінде бізде жанама жолдар бар.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Кейбір батыс ақпарат құралдарында "Украина бейбітшілік үшін біраз жерін беруге тиіс" деген мақалалар шықты. Бұл туралы "Нью-Йорк Таймз" сонау 1938 жылы жазған. Бірақ қазір 2022 жыл. Бұл аумақтарда миллиондаған қарапайым украиналық тұрады. Халықтың барын ұмытпау керек.

Мына кадрларды Ресейдің Қорғаныс министрлігі жариялады. Кремльдің хабарлауынша, Мариупольдегі теңіз айлағын қалпына келтіру жұмысы басталған. Қазір аумақты минадан тазарту ісі жүріп жатыр. 5 шетелдік кеме теңізге шыққан. Сондай-ақ Ресейдің Сыртқы істер министрлігі «Азовсталь» зауытына бекініп, кейін берілген украин сарбаздары үшін халықаралық әскери трибунал болатынын жеткізді.

Игорь Конашенков, РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

Дәлдігі жоғары зымырандар арқылы Запорожье қаласындағы «Мотор Сич» зауыты талқандалды. Бұл жерде Украина авиациясы мен ұшқышсыз ұшу құралдары үшін әуе қозғалтқыштары шығарылатын.

Мария Захарова, РФ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

Донецк халық республикасының үкіметі «Азовстальда» болған ұлтшылдар үшін халықаралық трибунал өткізуді жоспарлап отыр. Қазір оның жарғысы жасалып жатыр. Біз бұл бастаманы қолдаймыз.