Путин әскери қызметке 65 жасқа дейін келісімшартпен алуды заңдастырды

Украинада әскери іс-қимылдар басталғалы 90 күннен асып кетті. Осы уақыт ішінде 6 миллионнан аса жергілікті азамат үй-жайын тастап, өзге елдерге босып кеткен. Осы аптада Ресей әскері Донецк облысындағы бірнеше шаһарды басып алды. Ал Украина билігі Харьковтағы метро станциясын қайта ашты.

Осы аптада Ресей әскері Донецк облысындағы 3 қаланы басып алды. Украина Қорғаныс министрлігінің өкілдері мұны уақытша жетістік деп отыр. Ресей қарулы күштері Луганск облысының 95 пайызын да өз бақылауына алған. Бұл туралы аймақтық әскери әкімшілік басшысы Сергей Гайдай мәлімдеді. Кремльдің хабарлауынша, бұған дейін Ресей әскерінің бақылауына өткен Мариуполь қаласындағы теңіз айлағы жұмысын қайта бастады. Мұнда минидан тазарту жұмыстары аяқталды. Сөйтіп әскери іс-қимылдар басталғалы портқа алғаш рет кеме кірді. Ресейлік су көлігі 2 жарым мың тоннадан ас металл тиеп болғасын, Дондағы Ростов қаласына бет алады. Украина тарабы мұны тонаушылыққа теңейтіндерін жеткізді. Германия мен Франция басшылары телефон арқылы сөйлесу кезінде Ресей президентінен осы Мариуполь қаласында орналасқан "Азовсталь" зауытына бекініп, кейін берілген украин сарбаздарын босатуды сұраған. 16-шы мамырдан бері мұнда 2 мың 400 украиналық жауынгер қаруын тапсырып, өз еркімен берілген болатын.

Мария Захарова, РФ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Донецк халық республикасының үкіметі "Азовстальда" болған ұлтшылдар үшін халықаралық трибунал өткізуді жоспарлап отыр. Қазір оның жарғысы жасалып жатыр. Біз бұл бастаманы қолдаймыз.

Осы аптада 3 айлық үзілістен кейін Харьковте метро станциялары қайтадан жұмысын бастады. Пойыздар барлық бағыт бойынша қатынайды. Қозғалыс интервалы 30 минут. Шаһар басшысы Игорь Тереховтың айтуынша, жолаушылар саны артса, интервал да қысқарады. Алғашында жол жүру тұрғындарға тегін болмақ. Бұдан бөлек азаматтар метро станцияларын әуе дабылы кезінде паналай алады.

БЛИЦ:

- Метроның қайта ашылғанына өте қуаныштымын. Керемет жаңалық. Метро қауіпсіз әрі онымен діттеген жеріңе жылдам жетесің.

- Сонша күтіп едік. Енді міне метро қайтадан қызмет көрсете бастады.

Ал Ресейде келісім-шарт бойынша әскери қызмет ететіндер үшін жасына қатысты шектеулер алынды. Бұған дейін заңға тиісті түзетулер енгізуді мемлекеттік дума қабылдаған. Енді Федерация Кеңесі мақұлдады. Бұрын Ресей азаматтары 40 жасқа дейін ғана келісім-шарт бойынша әскери қызмет атқара алатын. Ал шетелдіктер үшін бұл меже 30-дан аспау керек еді. Жаңа талап бойынша ер азаматтар зейнетке шығу жасына дейін, яғни 65 жасқа дейін тиісті келісім-шартқа отыра алады. Депутаттардың айтуынша, соның арқасында қарулы күштер қатарына жүргізушілер, аспаздар мен фельдшерлерді көптеп тартуға мүміндік туады.

Жұлдыз Атагельдиева