Ұлыбританияда Қазақстан азаматтарына референдум жалғасып жатыр

Ұлыбританияда да референдум әлі жалғасып жатыр. Өйткені Лондон мен Нұр-Сұлтанның уақыт айырмашылығы 5 сағат. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы соңғы ақпараттармен бөлісуге дайын. Ғалымжан, кеш жарық, сізге қайырлы күн.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Мөлдір, қазір мен Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі ғимаратында орналасқан №244 учаскедемін. Өздеріңіз байқап тұрғандай менің артқы жағымда Қазақстанның және Ұлыбританияның тулары, ортасында дауыс беру жәшігі тұр. Референдум комиссиясының мүшелері ережелердің толық сақталуын қамтамасыз етіп отыр. Түске таман дауыс берушілердің саны таңертеңгі уақытқа қарағанда артты. Өйткені Ұлыбританияның түкпір-түкпірінен жиналған қазақстандықтар Лондонға енді жетті деуге болады. Жалпы 400-ден астам отандасымыз дауыс беруге ниетті екендіктерін айтып, алдын ала тіркелген. Басым көпшілігі студенттер және олардың белсенділігі өте жоғары. Дауыс берушілердің қатарында тек Ұлыбритания қазақтары ғана емес, Исландия, Ирландия мемлекеттерінде уақытша немесе тұрақты тұрып жатқан отандастарымыз да бар.  

Нұртуған Уралбаев, UCL Университетінің студенті:

- Қазақстан Конституциясына енгізіліп жатқан өзгерістерге қазіргі таңда көптеген қоғамдық-саяси мән берілген. Осы сәтті пайдаланып, бірінші болып, таңғы 07:00-де дауыс беруге келдім. 

Әлішер Базарбаев, UCL Университетінің студенті:

- Біз Лондондағы қазақтар болып, таңдау жасауға келдік. Осындай мүмкіндік бар екендігіне өз басым өте қуаныштымын. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Дауыс берушілер қатарында туристер де бар. Ұлыбританияда карантиндік шектеулер толығымен алынып тасталғандықтан еркін саяхаттап жүрген отандастарымыз азаматтық борыштарына жауапкершілікпен қарап, дауыс беруге келіп жатыр. Таңертең 07:00-де ашылған учаске кешкі 08:00-ге дейін ашық болады. Одан кейін референдум комиссиясының мүшелері дауыс санауға кіріседі. Комиссия мүшелері учаске жабылғаннан кейін 1-2 сағат көлемінде Лондондағы референдум нәтижелері белгілі болады дейді. Саяси маңызы бар науқанның алдын ала нәтижелері ертең халыққа жария етілмек.