АҚШ-та екі қаладағы атыстан алты адам қаза тапты

30-ға жуық адам жарақат алды. Қайғылы оқиға Теннесси мен Пенсильвания штаттарында тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Теннеси штатында атыс таңға жақын Чаттаунг қаласындағы түнгі клуб маңында болды. Үш адам қаза тауып, 17 адам жарақат алды. Олардың кейбіреуі көліктің астына түсіп көз жұмған. Атыстың неден шыққаны әлі белгісіз. Тергеу жүріп жатыр.

Селест Мерфи, Чаттаунг полициясының басшысы:

–Біздің ойымызша, адамдарға бір емес бірнеше күдікті оқ атқан. Бірақ нақты қанша адамның қару қолданғаны әзірге белгісіз. Қазір айғақтарды жинап, көшедегі бейнежазбаларды тексеріп жатырмыз.

Ал Пенсильвания штатында қайғылы оқиға Филадельфия қаласындағы дәмхана мен мейрамханалар орналасқан ауданның бірінде тіркелді. Мұнда да атыстан 3 адам көз жұмды. Тағы 11 кісі жарақат алды. Полицияның хабарлауынша, атыс 3 ер адамның сөзге келіп қалуынан туған. Кикілжің соңы атысқа ұласып, бір күдікті оққа ұшқан. Қалған қылмыскерлер іздестіріліп жатыр.