АҚШ-та қаруды бақылау қатаңдатыла ма?

АҚШ Конгрессінің Өкілдер палатасы қаруды бақылауды қатаңдатуға бағытталған заң жобасын қолдап дауыс берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған соңғы уақытта елде атыс оқиғаларының жиілеуі түрткі болды. Бірақ құжатқа қарсылар да жетерлік. АҚШ-та қарудың еркін айналымы – қоғамда қызу талқыға түсіп, биліктің бас ауруына айналған мәселелердің бірі. Бірақ бұл жолы демократтар түйткілді шешуге ниттенген сияқты. Саясаткерлерге Голливуд жұлдыздары мен спортшылар да қолдау білдіріп жатыр. Танымал актер Мэттью Макконахи Ақ үй мінберінен сөз сөйлеп, қаруды бақылауды қатаңдатуға шақырды. Оскар жеңімпазы Техастағы Ювалде қаласының тумасы. Дәл осы шаһарда өткен айда мектепте атыс болып, 19 бала мен 2 мұғалім қаза тапқан. 

Мэттью Макконахи, актер:

Мен бұл жерде бар күшіммен қалыптасқан жағдайды өзгертуге тырыспақпын. Қазір менің туған қаламда болған сұмдық оқиғаның қайталануына жол бермеу үшін үлкен мүмкіндік туып отыр. Біз оны жіберіп алмай, сөзден іске көшуіміз керек.

Бірақ қаруды сатуды қатаңдатуға қарсылар да жетеді. Өкілдер палатасында да заң жобасы сәл басымдықпен қабылданды. Конгрессмендердің 223-і қолдағанмен, 204-і қарсы дауыс берді. Әсіресе жобаға республикалықтардың қарсылығы күшті. Жалпы АҚШ-та қаруды қорғаныс құралы ретінде иелену конституциямен бектілген. АҚШ әлем бойынша тұрғындар қолында қару ең көп ел саналады. Статистикаға сүйенсек, әр 100 тұрғынға 120 қарудан келеді.

Нэнси Пелоси, АҚШ өкілдер палатасының спикері:

– Мен демократтар мен республикалықтарды бірігіп, заң жобасының барлық тармағын қолдап дауыс беруге шақыамын. Біз мұны балаларымыз үшін қабылдауымыз қажет.

Джим Джордан, конгресмен:

– Спикер бізге заң жобасы балаларымызды қорғайды деп айтты. Бұл, әрине, маңызды. Бірақ бұл құжат мәселені шешуге бағытталмаған. Ол тек америкалықтарды Конституциямен қорғалған құқығынан айыруға әкеледі. Сондықтан біз оған қарсы шығуымыз қажет.

Ал қаруды иеленуді қатаңдатуға бағытталған жаңа құжатта түрлі мәселе қамтылған. Мысалы, жартылай автоматты винтовкаларды сатып алу жасы 18-ден 21-ге көтеріліп, қаруды тұрғын үйлерде сақтау қатаңдатылмақ. Бірақ сарапшылар заң жобасының сенатта бекітілуі екіталай деп отыр. Себебі жоғарғы палатада республикалықтар демократтармен бірдей орынға ие.

Авторы: Дәурен Ақашұлы