Бейжіңде карантин күшейтілді

Коронавирусқа қатысты шектеулер жеңілдетіле бастаған Қытай астанасында індетке қарсы шаралар қайта қатаңдатылды.

Себебі 2 күн бұрын қаладағы дәмхананың біріне барған тұрғындардың вирусты жаппай жұқтырғаны анықталды. Осы орыннан тамақтанған 100-ден астам адам дертке шалдыққан. Науқастармен байланысқа түскен 7 мыңдай адам карантинге жабылды. Індеттің қайта өршуіне байланысты алдағы дүйсенбіге белгіленген мектептерді ашу кейінге шегерілді. Балабақша да жабық.

Сюй Хэцзянь, Бейжің қаласы әкімшілігінің ресми өкілі:

- Барлық дәмхана, караоке және интернет-клубтардағы санитарлық талаптарды тексеру қажет. Тұрғын үйлер мен қоғамдық орындарға кірерде денсаулық коды мен ПТР-тест тексерілуі тиіс. Қауіпті аудандар мен негізгі салалардағы жұмысшыларды да жаппай скринингтен өткізіп отыру керек. Тұрғындарды маска тағып, қолдарын жуып, әлеуметтік арақашықтықты сақтап отыруға шақырамыз. Мектептер мен балабақшалардың ашылу мерзімі де өзгереді. Маусымның 13-і күні мектепке оралатын 9-сынып оқушыларынан басқа балалар қашықтан оқуды жалғастыра береді.