«Боржоми» компаниясының жұмысшылары ереуілге шықты

Грузияда «Боржоми» компаниясының жұмысшылары 1 аптадан бері наразылық танытып жатыр. Бүлікке бірлестіктің Украиндағы ахуалға байланысты қаржылай қиындыққа тап болуы себеп. Атақты минералды суды құюмен айналысатын бірлестік акционерлерінің бірі ресейлік Михаил Фридман болғандықтан санкциялар тізіміне енгізілген. Салдарынан компанияның жұмысы тұралап, кірісінен айырылған.

Боржоми зауыттарындағы наразылық мамыр айында басталды. Ресейлік кәсіпкерге санкциялар салынғандықтан бірлестіктің есеп-шоты бұғатталып, компания өндіріс қуатын төмендетуге мәжбүр болған. Соның кесірінен еңбек келісім-шарты өзгертіліп, қызметкерлердің үстеме жұмыс пен сыйақы көлемі қысқартылған.

Андро Баблидзе, компания жұмысшысы:

- Бізге Украинадағы жағдайға байланысты өзгертілген тиімсіз жаңа еңбек келісім-шартын алып келді. Құжат мерзімі 3 айға құрылған. Біз оған жағдай тұрақталған соң бұрынғы жұмыс жағдайы қалпына келтіріледі деген шартпен қол қойғымыз келетінін айтқан едік. Бірақ басшылық оған келіспей отыр.

Мамырдың 19-ы күні компания акцияларының бір бөлігін Грузия үкіметіне қайтарымсыз негізде ұсынады. Алдын ала есепке қарағанда оның құны 100 миллион долларды құрайды. Бірақ рәсімдеу ұзаққа созылып кеткен. Осыған байланысты жаз басталғалы 400 жұмысшы, яғни Боржоми қызметкерлерінің жартысы ереуілге шықты. 

Георгий Габашвили, компания жұмысшысы:

- Бізге жаңа келісім-шартқа қол қоймайынша еңбекақымызды бермей отыр. Басшылық заңды бұзып, 50 адамды жұмыстан шығарып жібергендіктен үкіметтің араласуы керек деп ойлаймыз. Адамдар 2 айлық жалақысын әлі ала алмай отыр.

Компания жұмысын жалғастырып, жұмыс орындарын сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын айтады. Бірақ келіссөз тығырыққа тірелген. Келесі аптада ұлттық брендке айналған өнімді шығаратын зауыттардың жұмысын тездетіп қалпына келтіру үшін үкіметтің шешімімен құрылған делалдардың қатысуымен тағы келіссөз өтеді.

Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Сондай-ақ...