Үндістанда қақтығыстан екі адам қаза тапты

Үндістанда қақтығыстан екі адам қаза тапты

Үндістанның шығысындағы Рпанчи қаласында қақтығыстан 2 жасөспірім көз жұмды. Жанжал индуизм және ислам дінін ұстанушы тұрғындар арасында болып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Полиция шектен шыққан топты тарату үшін оқ атқан. Құрбандардың кімнің қолынан қаза тапқаны белгісіз. Ранчи мен басқа аймақтардан қақтығыс кезінде 14 полицей жарақат алған. Билік тәртіпсіздіктерді тоқтату үшін коменданттық сағат енгізіп, интернетті шектеді. Елдің солтүстігіндегі Уттар Прадеш штатында бүлік шығаруға қатысы бар деген күдікпен 230 адам қамауға алынды.

Ажай Кумар, Праяградж қаласының полиция басшысы:

- Ауыр қылмыс баптары бойынша 29 іс қозғалды. 70 адамға ресми айып тағылды. Тағы 5 мыңнан астам тұрғын бүлік тудырды деген күдікке ілініп отыр. Олардың кейбірі қамауға алынды.

Дінаралық жанжалдың туындауына Үндістандағы билік партиясының өкілдері кінәлі. Саяси ұйымның ресми өкілі Нупур Шарма мен тағы бір қызметкер Мұхаммед пайғамбарға тіл тигізіп, бұл әлемдік деңгейде үлкен наразылық тудырды. Премьер-министр Нарендра Моди дінаралық наразылыққа түрткі болған екеуді қызметтен қуды. Мұсылман елдері үнді тауарларына жаппай бойкот жариялап жатыр.