Түркияда биыл 45 млн демалушыны қабылдау жоспарда бар

Түркияда биыл 45 млн демалушыны қабылдау жоспарда бар
Егемен Қазақстан

Түркия биыл 45 миллион демалушыны қарсы алып, туризмнен 35 миллиард доллар табыс табуды көздеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда Украинадағы жағдай жоспарға өзгерістер енгізуі мүмкін. Себебі жыл сайын мұнда Ресейден шамамен 7 миллион, Украинадан 3 миллион саяхатшы келетін. Алайда биыл ұшақ тапшылығы мәселесі туындап, Анадолы 2,5 миллион ресейлік туристтен қағылуы мүмкін. Қазір Анталияға апта сайын 450 әуе сапары орындалады. Ал былтыр екі ортада бір тәуліктің өзінде 160 ұшақ қатынайтын. Оның үстіне Мәскеуге қарсы санкциялар салдарынан төлем жасау жағы да қиындаған.  Өйткені Ресей SWIFT жүйесінен ажыратылған. 

 

Түркия қазақстандық туристер арасында да танымал бағыт саналады. Себебі бұл елде отбасымен демалу үшін қолайлы жағдай жасалған. Өзге мемлекеттермен салыстырғанда, бағасы да қолжетімді. Отандастырымыз арасында Мысырдағы демалыс орындарына сұраныс жоғары. Биыл Египеттің бірқатар қаласына Қазақстаннан тікелей әуе рейстері ашылды. Бұл тарихи жерлерді аралап, теңіз жағасында тынығуды таңдайтындар қатарының артуына септігін тигізді. Қазақстандықтар көп демалатын мемлекеттердің үштігіне Біріккен Араб Әмірліктері де кіреді. Коронавирусқа қатысты шектеулер бітіндеп алына басталғалы,,,Еуропа елдерімен де барыс-келіс қайта жанданып келеді. Алайда ПТР-тест, визалық мәселелер және тікелей рейстердің аз болуына байланысты мұндай елдерді таңдайтандар әзірге көп емес. Сала өкілдері биыл барлық бағыт бойынша туристік пакеттер қымбаттағанын айтады. Оған әлемде инфляцияның өршуі себеп.

Мунирам Ахметова, «Қазақстан туризм индустриясы»қауымдастығының төрайымы:

– Түркияны мысалға алатын болсақ, ол жақта биыл коммуналдық қызмет ақысы, электр энергиясы мен судың бағасы 25-35 процентке қымбаттады. Қалааралық бағыттар бойынша қатынау құнының өзі екі есе өсті. Осының бәрі қонақ үй қызметінің және жалпы туристік пакеттердің қымбаттауына әсер етті. Египет әзірге бағаны тұрақты ұстап тұр. Ол үшін Мысыр билігі қонақ үйлерге қаржылай қолдау көрсетіп жатыр.

Жалпы коронавирус пандемиясына байланысты 2020 және 2021 жылы әлемдік туризм 2 триллион доллар табыстан қағылған. Қазір көп елде сала қалпына келе бастады. Мәселен, қазақстандық демалушылар арасында танымал бағыттың бірі – Грузияда биыл туризмдегі алғашқы 5 айдың көрсеткіштері пандемияға дейінгі деңгейге жартылай жетіп қалған.