Ресей ішкі туризмді дамытып жатыр

Анталья биыл санкциялар кесірінен екі жарым миллион ресейлік туристен қағылуы мүмкін. Орыстар үшін Еуропа әуекеңістігі жабылып, билет бағасы қымбаттап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұрттың банк карталары бұғатталды және қолма-қол ақшаны шоттан алу қиындап кетті. Енді Ресей ішкі бағытты белсенді дамытып жатыр. Туристтік әлеуеті зор аймақтардың бірі – Солтүстік Кавказ. Солтүстік Кавказ алғаш рет сұраныстағы ішкі бағдарлардың үздік бестігіне кірді. Бұл аймақ тізімнен Қырымды ығыстырды. Биыл алғаш рет Солтүстік Кавказға чартерлер ұшады. Туроператорлар өңірде мәдени-ағарту, экологиялық және белсенді туризмді дамытудың әлеуеті зор деп санайды. Мұнда тарихи-мәдени мұра қатарына қосылған 10 мыңнан аса нысан мен алпыстан астам қорық бар. Алайда туристік инфрақұрылым нашар. Ингушетия немесе Шешенстанға топпен саяхат жасау ұйымдастырылмайды. Сондықтан жеке бару қымбатқа түседі.

Батыр Мальсагов, орыс географиялық қоғамы ингуш бөлімінің мүшесі:

– Егер мейманханалар көп болып, мұнда келу оңай болса, туристтер қаптайтын еді. Тиісінше, республика бюджетіне табыс түседі. Алайда қазір мейманханалар мен тамақтану орындары, жол бойындағы инфрақұрылымның нашарлығы туризмнің дамуына кедергі келтіріп отыр. Алайда бұл жердің әлеуеті зор.

Ресейліктер Кавказ өңірі туралы аз біледі. Мысалы, Шешенстанда екі соғыстан кейін бәрін жаңадан салды. Алайда бұл республика әлі де саяхатшылар үшін қауіпті деген пікір қалыптасқан. Ал Ингушетияның кейбір аудандарына бару үшін арнайы рұқсат қағаз қажет. 

Алина Абдулкадырова, гид:

Өңірде ислам дәстүрі қалыптасқандықтан, киім таңдауда сақ болу керек. Ашық жиде мен көйлек кимеген жөн. Ішімдік сату шектелгеніне талай жылдар өтті, тәулігіне тек екі сағат Грозный қаласының шетінде сатылады. Бұл аймақта әскери қимыл болғанын түсіну қажет. Соғыс кезінде барлық туристік дәстүрімізден айырылдық. Қазір туристік дәстүрімізді жаңғыртып жатырмыз.

Үкімет ішкі туризмді кэшбек бағдарламасы арқылы ынталандырады. Яғни тұрғындардың саяхатқа кеткен қаражатының бір бөлігін қайтарады.

Дағыстанға бара жатырмыз. Шали Махачкала Черкесск. Туристтік агенттікте саяхат сатып алсаң, 20 процентін картаңа қайтарады.

Қазір белгілі бір туристтік бағдар жоқ. Демалыс орындары бар, бірақ өз бетіңмен оған жету оңай емес.

Жергілікті биліктің пайымдауынша, биыл Солтүстік Кавказдың ерекше экономикалық аймақтарына жеке меншік инвестиция мөлшері 40 процентке өсіп, бір жарым миллиард рубльден асады. Қазір қонақтарды жайғастыратын 4 жарым мың орын құруды көздейтін 11 жоба мақұлданды. Олардың құны 15 жарым миллиард рубль.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров