Әлемді қымбатшылық қыспаққа алды

Оған геосаяси ахуал себеп. Бұл сондай-ақ климаттың өзгеруімен де байланысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Коронавирус пандемиясынан кейін ақырындап қалпына келе бастаған жаһандық экономиканың дамуын Украинадағы қарулы қақтығыс қайта тежеді. Әлем елдерін қымбатшылық жайлап барады. Әсіресе азық-түлік бағасы шарықтап кеткен.

Еуропада алдыңғы қатардағы дамыған мемлекеттің бірі саналатын Германияда инфляция рекордтық деңгейге жетіп, қымбатшылық жайлады. Жағдайдың ушығуына энергия тасымалдаушылар мен өзге де тауар бағасының өсуі себеп. Соңғы бірнеше күнде азық-түліктің 50-ден астам түрі қымбаттап кеткен. Кейбір сүт өнімдерінің құны бір айда екі рет өзгеріп, 50 процентке шарықтаған. Одан бөлек тұрғындар зәйтүн майы мен еттің бағасы аспандап кеткенін айтады. 

Испанияда да азық-түлік құны удай қымбат. Баға 1994 жылдан бері ең жоғары деңгейге жеткен. Мысалы, зәйтүн майы 35, макарон өнімдері 28, ұн мен жұмыртқа 25 процентке қымбаттады. Одан бөлек дизельді отын мен жанармай құны да қалтаны қағады. Украинадағы қарулы қақтығыс басталғалы елде ұн тапшылығы туындап, нан бағасы 12 процентке өсті. Тұрғындар құс еті, сиыр еті мен балық қолжетімсіз тауар түріне айналып бара жатқанын айтады.

Ферран Колл, экономика саласындағы профессор:

Энергия тасымалдаушылардың бағасы күрт өсіп, бұл қарапайым тұрғындардың күнделікті өміріне айтарлықтай әсер етті. Мәселен, батыс елдерінің экономикасы энергия көздеріне тәуелді. Әрине мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Алайда таяқтың екі ұшы бар демекші, бұл шаралар салдарынан бюджет тапшылығы туындады.

Әлемдегі геосаяси ахуал экономикасы жақсы дамыған алпауыттардың бірі Жапонияға да әсер етті. Энергия тасымалдаушылар мен бидай бағасының өсуіне байланысты ұлттық валюта құнсызданып, инфляция шарықтап барады. Соның салдарынан азық-түлік пен жанармай, сонымен қоса коммуналдық қызмет ақысы қымбаттаған. Мамандардың болжамы көңіл көншітпейді. Олар алдағы уақытта 10 мыңнан аса тағам құны шамамен 13 процентке өсетінін болжап отыр.