Өзбекстанда қант тапшы, нан бағасы екі есе өсті

Азық-түлік жетіспеушілігі тұтас Орталық Азия үшін өзекті мәселеге айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзбекстанда қант тапшы. Баға әзірге ырыққа көнбей тұр. Биліктегілер ахуал бірер күнде тұрақталады дейді. Қазір жылына 700 мың тонна қант өндіретін екі зауыт жұмыс істеп тұр.

Рустам Акбарқожаев, қант зауытының бас директоры:

– Тәулігіне 1100 тонна қант өндіріп жатырмыз. Бұл әдеттегі көрсеткіштен 10 процентке көп. Кейінгі бір аптада жағдай тұрақталып келеді. Шикізат жеткілікті.

Өзбекстанның қантқа деген сұранысы жылына 650 мың тонна. Зауыттары жаңа. Заманауи қондырғылармен жабдықталған. Шикізат ретінде қант қызылшасын емес, құрағын қолданады. Оны Бразилиядан әкеледі. Әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты кейінгі уақытта өнімді жеткізу жолдары өзгерді. 

Әбдусамат Муминов, Өзбекстан көлік министрінің орынбасары:

– Таяуда Ресейге қарсы салынған санкциялар салдарынан бұл елдің кемежайлары арқылы өтетін сауда жолдарын өзгертуге тура келді. Тауар Әзербайжан мен Грузия арқылы жеткізіледі. Күніне 100 шақты вагон қатынайды. Шикізаттың бір бөлігі Қазақстанның Құрық және Ақтау портына да жеткізіліп, одан бері теміржолмен тасымалданады.

Мұхиттың арғы жағынан әкелінген өнім мәселені толыққанды реттей алмауы мүмкін. Бұған дейін нарық сұранысына сай Ресей мен Қазақстаннан да қант та жеткізіліп келді. Алайда бұл өнімді экспорттауға уақытша шектеу енгізілгеннен кейін қазір мұндай мүмкіндік жоқ.

Еске салайық, Өзбекстанда қант қызылшасы өсірілмейді. Бау-бақша баптап, диқандыққа әбден төселгенімен, қызылша егетін жер жеткіліксіз. Бидайға қатысты ахуал да осыған ұқсас. Астық Қазақстаннан тасымалданады. Сарапшылар әлемдік нарықтағы тұрақсыздық әлі жалғасуы мүмкін дейді. Сондықтан халық  астық пен қантты импорттау жағы тағы қиындай ма деп алаңдайды.

Валерий Бирюков, сарапшы:

Таяуда нан бағасы екі есе өсті. Газ бен жанармай да қымбаттап жатыр. Мұның бәрі әлемдегі геосаяси ахуалмен байланысты. Өзбекстанда қант өндіретін зауыттар бар. Бірақ өнім Ресей мен Украинадан да жеткізілетін. Енді Қазақстан өндіріс көлемін арттырып жатса, бізге тасымалдай бастауы мүмкін. Себебі көрші ел қажетті шикізатты Ресей мен Беларусьтен жеңілдетілген шартпен ала алады. Өйткені еуразиялық экономикалық одаққа мүше.

Өзбекстанға шикізат сырттан жеткізілсе де, логистика мен баға мәселесі үнемі бақылауда. Үкімет алып сатарлардың жолын кесуге барынша күш салып жатыр. Сарапшылар астық тапшылығы мәселесі күзге қарай Қазақстан арқылы реттеледі деп сенеді. Тараптар екі жаққа да тиімді шарт жасауға тиіс.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов