Эксклюзив: Киев облысындағы ахуал

Киев облысындағы Буча, Гостомель, Ворзель, Ирпень секілді елді мекендердің Ресей әскерінен азат етілгеніне 2 айдан асып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір тұрғындар біртіндеп үйлеріне оралып жатыр. Алайда билік жұртты мейлінше сақ болуға шақырады. Өйткені әлі мина көп. Киев облысындағы бұл елді мекендердегі қазіргі ахуал қандай? Кезінде көркі көз тартатын Буча, Гостомель, Ворзель, Ирпень елді мекендерінің қазіргі күйі адам шошырлық. Қираған көпірлер, тас-талқаны шыққан тұрғын үйлер мен сауда орталықтары. Суға батқан көлікте есеп жоқ. Көшедегі күйіктің иісі қолқаны қабады. Биліктің ресми мәліметі бойынша Киев облысындағы бір ғана Ирпень қаласында қарулы қақтығыстан көз жұмғандар саны 300 адамнан асады.

Аида Қыдырбай, тілші:

Зымыранмен атқыланған үйлердің есік-терезесі үңірейіп, қабырғалары құлауға шақ тұр. Кез келген уақытта опырылып түсуі мүмкін. Бұл жерде тұру өте қауіпті. 

Татьяна 8 жыл бұрын Донбасста болып, қарулы қақтығысты өз көзімен көрген. Көктемде Ирпень үшін шайқас басталғанда да, отбасымен бірге қалада болған. Қиындықтарға қарамастан, үйімді тастап ешқайда кетпеймін дейді ол. Бүгінде тұрғындар біртіндеп Киев төңірегіндегі өңірлерге қайта оралып жатыр. 

Татьяна, Ирпень қаласының тұрғыны:

Мен мұндай сұмдықты Донбасста болғанда көрген едім. Тура сол оқиға Киев облысында да қайталанды. Екі баламмен бірге жертөледе тығылып отырып, әйтеуір аман қалдық. Солар үшін қатты қорықтым. Ата-анамыз қарт кісілер болғандықтан, ешқайда қашып кете алмадық.

Ирпень қаласына кірер жерде қаңқасы ғана қалған 200-ге жуық көлікті көруге болады. Тұрғындар олармен өзге аймақтарға қашпақ болған. Алайда жарты жолда көлігіне зымыран түсіп, оқ тиген талай адам діттеген жеріне жете алмаған.

Анна, Киев қаласының тұрғыны:

Кері қайтқанымда жүрегім қатты ауырды. Атқылау кезінде көліктің ішінде болған адамдарды ойласам, жасымды тыя алмаймын.

Ал бұллар Киевтегі қазақ диаспорасының белсенді мүшелері – Алмагүл, Сәуле және Марат аға. Жергілікті тұрғындарға тамақ әзірлеп, қолдан келгенше көмегін аямай жүрген жандардың бірі. 

Алмагүл, Украинадағы қазақ диаспорасының өкілі, волонтер:

– Жалғыз мен емес, осы жерде жүрген қыздар барлығы үйлерінен илеп алып келеді, барлығы сондай дәмді шығады.

Қанша адамға жасайсыздар тамақты?

100-200 , 300 де болды. Әр барған сайын көлемін көбейтеміз. Бізде жаңағы жерлесіміз бар Алтынбек деген, сол ұнмен көмектесіп жатыр, демеушілік жасап.

Марат, Украинадағы қазақ диаспорасының өкілі, волонтер:

Жан-жағымызда соғыс. Қанша адамдар осы соғыстың зардабын шегіп жатыр. Біздің қолымыздан келетіні осы болғандықтан адамдарды тамақтандыру біздің парызымыз деп есептейміз қолдан келгеннен кейін.

Сәуле, Украинадағы қазақ диаспорасының өкілі, волонтер:

Тұрғындарға бауырсағымыз ұнады. Оны қалай пісіресіздер деп сұрап жатқандар көп.

Ал жерлесіміз Константин қарулы қақтығыс кезінде Киев облысындағы Бучадан өз көлігімен 203 адамды алып шығып, басқа өңірлерге жеткізген. Бүгінде сол Костямыз қазақ диаспорасының өкілдерімен бірге аптасына бір рет өңірлерге барып қайтып, қайырымдылықпен айналысады.

Константин Гудаускас, Қазақстан азаматы, волонтер:

Қазақ диаспорасы 2 ай бойы қолдан келгенше көмектесіп жатыр. Осы уақытқа дейін Киев облысын түгелдей дерлік аралап шықтық. Қазақстандықтар ақшасын жіберіп, барынша қолдау көрсетіп жатырмыз. Жақында Қазақстаннан бір топ дәрігер өз ақшасына Украинаға келіп, 1,5 айдай волонтер ретінде жұмыс істеп кетті.

«Біз Украинаданбыз» атты қайырымдылық қоры осы жолы Ворзельге бет алды. Қазақ диаспорасының өкілдері тамақ жағын ұйымдастырса, Украина музыканттары ән салып, жергілікті халыққа қолдау көрсетіп жүр. 

Богдан, әнші:

Классикалық музыканың пайдасын бәріміз де білеміз. Сондықтан біз Киев төңірегіндегі өңірлерге барып, ән кешін ұйымдастырып жүрміз. 

Алевтина Ковальчук, волонтерлер орталығының басшысы:

– Біз осымен 9 рет Киев облысындағы Бучанкс ауданына барып қайттық. Төңіректегі елді мекендердің барлығын Ресей әсері басып алған еді. Аудандар азат етілгеннен кейін тұрғындар ақырындап үйлеріне оралып жатыр. Біз сол азаматтарға гуманитарлық көмек көрсетеміз. Оларға тамақ, дәрі-дәрмек және тұрмыстық тауарлар жеткізіп тастаймыз.

Қазір Украинаның орталық, солтүстік және шығыс өңіріндегі елді мекендерде қарулы қақтығыс жүріп жатыр. Ал Ресей әскерінен азат етілген аймақтарға оралып жатқан азаматтардың қатары күн санап артып барады. Киевтің өзіне бір күнде 50 мың адам келіп жатыр. Қазір мұндағы азаматтардың саны 2 жарым миллионнан асады. Шаһар басшысы Виталий Кличко қала мен оның төңірегіндегі аймақтар әлі қауіпті екенін ескертеді. Өйткені әлі күнге дейін орманнан, тіпті үйлерден миналар табылып жатыр..

Авторы: Аида Қыдырбай