Чехияда соңғы 300 жылда болмаған аптап ыстық тіркелді

Чехияда соңғы 300 жылда болмаған аптап ыстық тіркелді

Еуропаның бірқатар елінде күн күйіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Чехияда аптап ыстық шыдатпай барады. Онда ауа температурасы соңғы 300 жылда болмаған ең жоғарғы көрсеткішке жеткен. Қазір сынап бағанасы 39 градустан асты. Синоптиктердің болжамы бойынша ыстық күн райы әлі де жалғасады. Қазір аймаққа қуаңшылық қаупі төнді.

ОРМАН ӨРТІ ДЕС БЕРМЕЙ ТҰР

Германияда орман өрті ушықты. Тілсіз жау 200 гектар алқапты тып-типыл еткен. Өрт сөндірушілер қызыл жалынды ауыздықтай алмай әлек. Потсдам-Миттельмарк округінің билігі қосымша көмекке жүгініп жатыр. Аймақта тұрған қатты жел жағдайды ушықтырып тұр. Құтқарушылар апатқа жақын маңда орналасқан тұрғындарды эвакуациялай бастады. 

Андреа Мецлер, Потсдам-Миттельмарк округінің баспасөз хатшысы:

- Өртті ауыздықтауға 500 адам тартылды. Жағдайды тұрақтандыру үшін бұл күш жеткіліксіз. Сондықтан қосымша көмек сұрауға мәжбүрміз. Округ маңында тағы бір ірі өрт ошағы тіркелді. Жаңбыр жауады деп үміттенеміз. Алайда метрологтардың болжамы көңіл көншітпейді. Жел батысқа қарай бағыт алса жақсы болар еді.   

Испанияның солтүстігінде де орман өрті ырық бермей барады. Өткен аптада аймақ температурасы 40 градустан асып кеткен. Қызыл жалын 25 мың гектар жерге жайылған. Құтқарушылар жүздеген адамды қауіпсіз жерге көшірді. Өйткені өрт тұрғын үйлерге жақындап қалған.