Дүние жүзінде қант тапшылығы туындады

Дүние жүзінде қант тапшылығы туындады

Әлемдегі қант өндіруші алпауыттардың қатарында Үндістан, Бразилия, Еуроодақ және Қытай бар. Үндістан қант өндіруден бірінші орында тұрса да шекерді сыртқа сатудан Бразилия оқ бойы озық тұр. Дүние жүзін қантпен қамтитын мемлекеттерге геосаяси қалай әсер етіп жатыр? Жалпы жаһандық шекер экспортының биылғы жай-күйі қалай?

Шекерді сыртқа сатудан әлем елдерінің ішінде Бразилия көш бастап тұр. 2020 жылғы дерек бойынша Бразилия жаһанның үштен бір бөлігін қант құрағымен қамтыған екен. Биыл өнімділік жоғары болады деп күтілгенімен Латын Америка елі экспорт көлемін қысқартпақ. Бұған наурызда этанол импортына шектеу енгізілгені себеп. Ал Бразилиядағы этанол өндірісіне дәл осы қант құрағы қолданылады. Этанолға деген сұраныстың себебін Ethanol production баспасына берген сұхбатта сарапшы Джастин Кирххофф былай деп келтіреді.

ЦИТАТА: Джастин Кирххоф, AGRICULTURAL GROUP инвесторлары саммитінің президенті:

Бразилиядағы жанар-жағар май станциясына келсеңіз, сұйық отынның үш түрін кездестіресіз. Оның бірі дизель отыны, екіншісі  27% этанол қоспасы бар бензин, ал үшіншісі 100% этанол. Мұндағы жүргізушілер көбіне 100 проценттік этанол немесе  27 проценттік этанолы бар отынды көліктеріне құйып жатады.

Қант өндіруден бірінші орындағы Үндістан да маусымның 1-інен қыркүйектің соңына дейін қант экспортына шектеу салды. Жаһандағы үлесі 10 процентті құрайтын үнді елі ішкі нарығын қорғау үшін осындай амалға барған. Енді үндістандық қантты алдыру үшін жаһан елдерінің арнайы сұрау жіберуіне тура келеді. Оның өзінде қажет мөлшердегі шекерге қол жеткізуі екіталай. Жалпы шекер тапшылығы биыл ғана туындаған мәселе емес.

Штефан Штренг, Оңтүстік Германияның қант қызылшасы өндірушілері қауымдастығының басшысы:

- Соңғы үш жылда қантқа деген сұраныс оның өндірісінен асып кеткен. Бір сөзбен айтқанда, әлемдегі қант қоры жетпейтін жағдайға жеттік. Сондықтан бір мемлекетте қант қызылшасы немесе құрағының өсімі төмендесе, қантпен қамту қиындап, салдарынан тұтас жаһан зардап шегеді.

Өйткені кез келген тағам түрінде қайта өңделген қант қолданылады. Осы себепті шекердің жетіспеушілігі кондитерлерге ғана емес, тұтас азық-түлік өндірісіне кесірін тигізіп тұр. Бұл дүние жүзі елдеріне ортақ проблема. Украина мен Ресей арасындағы соғыс жағдайды одан сайын ушықтырып отыр.