Финляндия мен Швецияның НАТО-ға мүше болуы әлі талқыланып жатыр

Бельгияда Финляндия мен Швецияның НАТО-ға мүше болуы жөніндегі өтінішіне қатысты келіссөздердің кезекті раунды өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қос елдің өкілдері Түркия делегациясымен кездесіп, мәселеге қатысты Анкараның талаптарын талқылады. Түркия бұған дейін Копенгаген мен Стокгольмнен лаңкестік ұйымдарға қатысты ұстанымдарын өзгертуін сұраған. Кездесуден кейін Түркия тарапы Финляндия мен Швецияны Одаққа қабылдау келесі аптада өтетін альянс саммитінде шешілмеуі мүмкін екенін айтты. 

Ибрагим Калын, Түркия президентінің ресми өкілі:

– Финляндия мен Швецияның НАТО-ға мүше болуы әлі талқыланып жатыр. Сондықтан келіссөз келесі аптада Мадридте өтетін альянс саммитінен кейін де жалғасуы мүмкін.

Еске сала кетейік, Финляндия мен Швеция НАТО-ға мүше болу туралы өтінішті өткен айда жолдаған. Одақ ережесіне сай оларды Солтүстік альянсқа мүше елдердің барлығы қолдауы тиіс. Бірақ президент Режеп Тайып Ердоған қос мемлекет лаңкестік ұйымдарға қатысты ұстанымдарын өзгертпейінше, оларды қолдамайтынын мәлімдеген еді.