Украинада үй жануарларына қатысты петиция жарияланды

Украинада қарулы қақтығыс кезінде және одан кейін бес жылда үй жануарларын асырап алмауға үндейтін петиция басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай ақпарат Украина президентінің ресми сайтында жарияланды. Өйткені қарулы қақтығыс кезінде үй жануарлары да көп қырылған. Үш жарым айда мыңдаған ит пен мысық аштық пен аурудан өлген. Киев маңындағы Бородянка елді мекеніндегі жануарлар панасының қожайыны Наталья Мазур соғыс кезінде қашып шығып, 300 итті қамап кеткен екен. Салдарынан жүздеген ит аштық пен шөлден өледі. Бұл оқиға еріктілер мен ел тұрғындарының қызу талқысына түсті. Жақында Украина президентінің ресми сайтында үй жануарларына қатысты петиция жарияланды.

Аида Қыдырбай, тілші:

– Петиция авторы – Александр Титарчуктың мәліметі бойынша қақтығыс кезінде тұрғындардың көп бөлігі ит пен мысығын тастап, өз бастарын қорғауға мәжбүр болған. Сондықтан соғыс уақытында және одан кейінгі бес жылда үй жануарларын ұстау және асырап алуға тыйым салуды Заңмен реттеу керек екенін айтады қоғам белсендісі. Заңды бұзған тұрғын әкімшілік жазаға тартылып, 8 мыңнан 68 мың гривень, шамамен 2 мың доллар көлемінде айыппұл төлеуі тиіс.

Ал Киев тұрғыны Аня өңіріндегі қарулы қақтығыс кезінде, керісінше, жанын шүберекке түйіп, жүздеген жануарды қорғап қалған. Аннаға әлі күнге үй мен үй жануарын тастап кетуге мәжбүр болған тұрғындар хабарласып, ит пен мысығыма тамақ апарып берші, – деп өтінген. Мысық пен ит қана емес, тышқан мен құсты та құтқаруға тура келгенін айтты.

Анна, Киев тұрғыны:

– Ең бір қызық әрі есте қалған сәт үй егеуқұйрығын тасуға тура келді. Олар тез көбейеді ғой, жертөледе екеу боп тығылған олар бір айда он алты болған. Соларды да тамақтандырып, қауіпсіз жерге жеткізгенім есімде қалды.

Анна Украина президентінің ресми сайтында жарияланған үй жануарларына қатысты петицияны қолдайтынын айтады. Өйткені иесіз қалып, қаңғып кетіп не қиналып өлген үй жануарларын күнделікті көріп жүр. 

Авторы: Аида Қыдырбай