Оңтүстік Кореяның ұлттық валютасы құнсыздануда

Оңтүстік Кореяда тұтыну бағасы көтеріліп, ұлттық валюта құнсыздануда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің орталық банкі азық-түлік пен материалдар бағасының жыл сайынғы өсуі шамамен 5 процентті құрайтынын айтты. Бұл соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Сарапшылар Ресей-Украина қақтығысы аясында инфляция биылғы жылдың үшінші тоқсанында шарықтау шегіне жетеді деп болжап отыр. Бір АҚШ долларының құны 1300 вонға жетті. Жергілікті ірі компаниялардың акциялары да құлдырады. Оппозициялық партия өкілдері экономикалық дағдарыстан қарапайым халық зардап шегіп отыр деп есептейді. Ал үкімет бұқара халықтың өмірін жақсартудың орнына байларға салықты азайтумен әлек.

Сарапшылар билікке халықтың осал топтарын қолдауға және жоғары инфляцияны, оның ішінде шикізат жеткізушілерін әртараптандыру арқылы жұмсартуға назар аударуға кеңес береді.

Шин Хван Джон, зерттеу орталығының басшысы:

– Ұлттық валютаның құнсыздануына Украинадағы жағдай және жаһандық инфляцияның өсуі әсер етті. Кореяда ресурстардың барлығы дерлік импортталады және инфляция жоғары валюта бағамына әсер етеді. Сондықтан ішкі тұтыну азаяды. Жаһандық экономика нашарлап барады, сондықтан импорт та баяулайды. Осы және басқа факторлар бізге бір уақытта әсер етеді.