Киевтің орталық вокзалында ерекше көрме ашылды

Киев қаласының орталық вокзалында «Болашағымызды сақтаймыз» атты ерекше көрме ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іс-шарада Краматорск теміржол вокзалындағы қайғылы жайт туралы жан-жақты ақпарат берілген.

Киевтің орталық вокзалы ­– ақпан мен наурызда мыңдаған адамның панасына айналған ыстық мекен. Қаланың млн-нан астам тұрғыны тыныштық іздеп, басқа өңірге үдере көшкенде көбі осы вокзалда эвакуациялық пойызды бала-шағасымен тәулік бойы күткен еді. Бұл жайттың барлығы көрмеде жан-жақты сипатталыпты, фото өз алдына, сол кезде тұрғындардың көрпе мен жастығын да көруге болады.

Алайда Киевтің орталық вокзалында ашылған көрмедегі ең аянышты көрініс Краматорск қырғынымен байланысты. Соғыстың 44 күнінде Краматорск темір вокзалында орыс әскерінің екі рет жасалған ракеталық атқылауынан алпыс бір адам қайтыс болады, оның жетеуі – бала. Киевтің орталық вокзалында сол қырғыннан көрініс беретін заттарды көруге болады, оның ішінде қоларба, бала киімі мен жолы болмаған жолаушылардың қолсөмкелері де қойылған. 

Киевтің орталық вокзалынан бөлек, қарулы қақтығыстан хабар беретін тарихи орынды Ирпень қаласының кіреберісінен де көруге болады. Мұнда жүздеген көліктің қаңқасы жол бойында қойылған және тоқтап, арнайы көруге мүмкіндік жасалған. Тұрғындар «мұндай музейді тамашалау өте ауыр» дейді.

Ирпень, Ворзель, Буча, Мощун, Бородянка: бір айдан астам оккупацияда болған қала мен елді мекендердің барлығы қазір ашық аспан астындағы мұрағатқа айналып үлгерді. Тұрғындар мен туристер қазірдің өзінде жанып кеткен техникаларды көру үшін Киев қаласындағы София алаңына келіп жатыр…

Авторы: Аида Қыдырбай